ЖАҢА ЖОЛАУШЫ ВАГОНДАРЫ ТАБЫСТАЛДЫ

2 545

Фото: Облыс әкімдігіБүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен №21/22 «Қызылорда-Семей» жолаушылар пойызының жаңа вагондарының тұсаукесер рәсімі өтті. - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Іс-шарада өңірдің теміржол саласында қажырлы еңбек ететін қызметкерлер облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.


Аймақ басшысы экономиканың күретамыры саналатын теміржол саласының халық үшін маңызын атап өтіп, теміржолшылар жұмысына сәттілік тіледі.


«Жол – тіршіліктің көзі, экономиканың күретамыры. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Шын мәнінде, көлік-логистика саласы – басымдыққа ие бағыт. Қазір, ең басты әлеует – табиғи ресурстар емес, тауар тасымалдау, логистикалық тізбектерді жолға қою» деген болатын. Бүгін біз өздеріңізбен бірге «Қызылорда-Семей» жолаушылар пойызының толығымен жаңаланып, халық игілігіне берілуіне куә болудамыз. Теміржол көлігі – еліміздегі инфрақұрылымның маңызды бөлшегі. Кең байтақ қазақ жерінің қолайлы географиялық орналасуы, шекарасының кеңдігі мен заман талабы теміржол көлігінің маңыздылығын күн өткен сайын арттыра түсуде. Сыр өңірінде де Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауымен жол инфрақұрылымын, көлік қатынасы мен жолаушылар тасымалын дамыту қарқынды жүзеге асырылуда. Бүгін жаңа вагондармен толықтай жабдықталып, сапарға шығатын «Қызылорда-Семей» бағытындағы жолаушылар пойызы радиобайланыспен, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы орындармен, арбамен, көтеріп-түсіру механизмдерімен қамтамасыз етілген. Осы бағытта 44 жаңа вагон сатып алынса, дәл қазір 10 вагон сапарға аттануға дайын. Бұрынғылардан қалған «Жол мұраты – жету» деген сөз бар. Ақ тілеулі, кең пейілді халқымыз ұзақ сапардың алғашқы қадамына, жол басына ерекше мән берген. Бүгін де жолаушыларымызды ел ағаларының ақ батасымен жолға шығарып саламыз. Жолаушылар пойызы ел мен елдің, ағайын мен туыстың арасын жалғайтын татулықтың тұтқасы, сауда-саттық пен іскерлік байланыстың алтын арқауы болсын!», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.