Алматыда толғағы аяқ асты келген келіншек көшеде босанды
Алматы қаласында аяқ асты толғағы келген келіншек перзетханаға жетіп үлгермей, көшеде босанып қалды.
Абырой болғанда, қалалық №16 емхананың акушер-гинекологы келіншектің толғағы келген уақытта сол маңнан өтіп бара жатыпты.
Ол дер кезінде көмекке келіп, баланы аман-есен босандырып алған.
Дәрігерлер қазіргі уақытта ана мен баланың денсаулығы жақсы екенін хабардар етті.
Ұлды болған келіншектің жақындары нәрестенің дүние есігін ашуға жәрдемдескен бүкіл медицина қызметкеріне алғыс айтты.
Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін Өзбекстаннан шығып, пойызбен Қазақстанға келе жатқан жолаушы үшінші баласын сапарда босанған еді.
Пойыз ішінде жарты күн бойы толғағы қысқан әйел жолсеріктерден көмек сұрайды. Вагон іші абыр-сабыр болған жұртшылық өз білгендерінше жәрдемдеседі. Түстен кейін Қарағанды облысы Шет ауданы Ақадыр стансасына жақындаған кезде ол дүниеге қыз бала алып келген.
Анастасия Гранкинаның сәбиінің есімін Әмина деп қойғаны белгілі болды.
Ақадыр стансасына тоқтаған пойыздағы ана мен сәбиді жергілікті дәрігерлер қарап шыққан.
Анастасия ауруханаға жатудан бас тартып, үш баласымен бірге соңғы стансаға дейін жүріп барыпты.
Сонымен қатар, бұған ұқсас жағдай Ақтөбе-Алматы пойызында орын алған. Онда жас келіншек ойда-жоқта босанып қалды.