«Шахмат керуені» қызылордалық үздіктерді анықтады
Екі ай ішінде ел аймағын аралап шығатын республикалық «Шахмат керуені» жобасы Сыр өңірінің жүйріктерін іріктеді,- деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Қызылода өңірінде 7 189 ауыл тұрғыны шахматпен айналысса, оларға 365 жаттықтырушы дәріс береді екен. Биыл «Шахмат керуені» жобасы аясында шахмат федерациясының облыстық филиалы ашылып, оның төрағалығына жеке кәсіпкер Асқар Махамбетов тағайындалған болатын. Бұл жас зияткерлер арасында шахмат спортындағы жетістіктерді арттыруға мүмкіндік бермек. Осы ретте федерацияның вице-президенті Марат Есенов аймақта қазірдің өзінде жүзеге асып жатқан көптеген бастама барын алға тартып, «Мектептегі шахмат» пилоттық жобасы аясында Қызылорда облысындағы 5 мектеп оқушылары интеллектуалды ойынмен кәсіби түрде шұғылданып жатқанын жеткізді.
Орнатылған мобильді киіз үйде швейцарлық жүйе бойынша 11 кезеңнен тұратын блицтен турнир өтті. Қатысушылар арасында жасқа шектеу болмады. Нәтижесінде бақ сынаған 20 адамның ішінде үш жеңімпаз гранд финалға өтіп, топ жарды. Атап айтар болсақ, Ернұр Ержанұлы І орынды еншілесе, Әділет Ерсерік ІІ орын, Нұрсәт Оспан ІІІ орынға қол жеткізді. Ернұр Ержанұлы мен Нұрсәт Оспан бір үйдің ағалы-інілі балалары болса, екінші орынды иеленген Әділет Ерсерік ағайындылардың жаттықтырушысы.
Межелі 11 ұпайдан 10 ұпай жинап, облыс чеспионы атанған Ернұр № 264 мектептің 5 сыныптың оқушысы. Шахматқа бала жастан құмар болған жеткіншек жуырда ғана Азиядан ІІІ орынды қанжығасына байлап қайтқан екен. Кішкентай кезінен есепке жүйрік болған баланың анасы ұлын 6 жастан бастап шахмат клубына беріпті. Төрт жарым жылдан бері шахматтың қыр-сырын үйреніп келе жатқан ол турнирдің оңай болмағанын айтады. Десе де біраз тәжірибе алмасқанын алға тарқан ол алда Түркістан қаласында өтетін финалда үздік бестікке ілінуге бар күшін салмақ.
Інісінің шахматқа деген құлшынысына қызыға қараған Нұрсәт те оған қосылып арнайы үйірмеге баруды жөн санаған. Қос финалистің жаттықтырушысы Әділет Ерсерік те Түркістандағы бас турнирде бағын сынап көрмек. Бес жасынан бастап шахматпен шұғылданған ол 18 жасынан білгенін көпке үйрету мақсатында тренерлікті қолға алған екен.
Айта кетейік, керуеннің гранд-финалы 10 қараша күні Түркістан қаласында өтеді деп жоспарланған. Онда әр облыстан үздік деп танылған 60 ойыншы өзара тартысқа түседі. Арасынан топ жарған жеңімпаз 5 миллион теңге қаржылай сыйлықты қанжығасына байлайды.