Қызылордада әлеуметтік қолдау мен салықтық өзгерістерге қатысты жаңа шешімдер бекітілді
Осы аптада қалалық мәслихаттың кезектен тыс ХХХХІV сессиясы өтті. Отырыс қалалық мәслихат төрағасы Ибадулла Құттықожаевтың төрағалығымен өтті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Жиынға қала әкімінің орынбасары Арнұр Нұрмағанбетов, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздық, қалалық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Фердоуси Қожабергенов, қалалық аумақтық комиссия төрағасы Ғалым Баймырзаев, дербес бөлім басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Әлеуметтік көмекті арттыру туралы шешім қабылданды
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Кенже Құрақбаева әлеуметтік көмек көрсету қағидаларын өзгерту жөнінде хабарлама жасады.
Ұсыныстар:
1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқаны үшін қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтарға біржолғы көмек мөлшерін 60 АЕК-ке дейін ұлғайту;
Табысы аз отбасылардың балаларына оқу жылы кезеңінде қоғамдық көлікте жол жүру ақысына ай сайын 1 АЕК көлемінде көмек тағайындау.
Ұсыныстар депутаттар тарапынан қолдау тапты.
Қала көшелеріне атау беру мәселесі мақұлданды
Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айдын Қайруллаев қаланың бірқатар көшелеріне 1 соғыс ардагері мен ерлікпен қаза тапқан 6 қызметкердің есімдерін беру туралы ұсынысты таныстырды. Депутаттар ұсынысты қолдап, оны республикалық ономастика комиссиясына жолдауға шешім қабылдады.
Салық салу саласындағы өзгерістер
Жиында бірқатар салықтық мәселелер қаралды. Жаңа Салық кодексі 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енетіндіктен, мәслихатқа төмендегі шешім жобалары ұсынылды:
Оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимінде табыс салығы мөлшерлемесін 4%-дан 2%-ға төмендету;
2023 жылғы бөлшек салық мөлшерлемесіне қатысты шешімнің күшін жойылған деп тану.
Мамандардың айтуынша, мөлшерлемені төмендету көлеңкелі экономиканы азайтып, кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға ықпал етеді. Қалада бүгінде: 27 423 жеке кәсіпкер, 8 323 заңды тұлға тіркелген.
Арнаулы режимді 2% мөлшерлемемен 109 заңды тұлға және 1 041 жеке кәсіпкер қолдануда.
Жер салығының мөлшерлемесін өзгерту ұсынылды
Сессия барысында жер салығына қатысты да өзгерістер ұсынылды. Қала әкімдігі мен мемлекеттік кірістер басқармасы жер салығының базалық мөлшерлемесін 35% көтеруді ұсынды. Бұл шешім «Жерді аймақтарға бөлу жобасы» негізінде жаңа Салық кодексіне сәйкес жүзеге асырылмақ.
Сонымен қатар қалалық жер комиссиясының құрамы қайта бекітілді.
Барлық жобалар «Ашық НҚА» порталында жарияланып, Әділет министрлігінің келісімі мен қоғамдық кеңестің ұсынымын алған.
Сессияда әлеуметтік, экономикалық және салықтық саясатқа қатысты маңызды шешімдер қабылданып, депутаттар ұсынылған мәселелер бойынша нақты ұсыныстарын білдірді. Қабылданған қаулылар қала тұрғындарының әлеуметтік қорғауын күшейтуге, бизнес ахуалды жақсартуға және жер қатынастары саласындағы жұмысты реттеуге бағытталған.







