ҚЫЗЫЛОРДАДА ТАЛАПТАР ТҮСІНДІРІЛІП, ЕСКЕРТУЛЕР ЖАСАЛДЫ
ҚЫЗЫЛОРДАДА ТАЛАПТАР ТҮСІНДІРІЛІП, ЕСКЕРТУЛЕР ЖАСАЛДЫ
Қала аумағында санитарлық тазалықты сақтау және абаттандыру талаптарының орындалуын бақылау мақсатында қала әкімдігі жанынан құрылған арнайы жұмысшы топ рейдтік жұмыстарды күшейтілген режимде күнделікті жүргізуде. Аталған шаралардың басты мақсаты – қала келбетін жақсарту, экологиялық ахуалды тұрақтандыру және тұрғындар мен кәсіпкерлердің ортақ жауапкершілігін арттыру.
Рейд барысында жұмысшы топ мүшелері қала аумағындағы бірқатар нысандарды аралап, заң талаптарының сақталуын тексерді. Нәтижесінде жеке және заңды тұлғалар тарапынан бірқатар заңбұзушылықтар анықталды. Атап айтқанда, құрылысы аяқталмай, ұзақ уақыт қараусыз қалған ғимараттар, құрылыс
қалдықтарын белгіленбеген орындарға бейберекет төгу фактілері, сондай-ақ құрылыс алаңдарының қоршауларының талапқа сай орнатылмауы тіркелді.
Сонымен қатар, кәсіпкерлік нысандарының қасбеттерін күтіп ұстау, айналасын таза ұстау мәселелерінде де кемшіліктер анықталды. Кейбір нысандардың сыртқы көрінісі санитарлық талаптарға сәйкес келмейтіні байқалып, бұл қала келбетіне кері әсерін тигізіп отырғаны атап өтілді.
Анықталған құқық бұзушылықтар бойынша тиісті әкімшілік шаралар қабылданып, кінәлі тұлғаларға Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес айыппұлдар салынды. Бұдан бөлек, кәсіпкерлер мен тұрғындарға заң талаптары түсіндіріліп, алдағы уақытта мұндай заңбұзушылықтарға жол бермеу қажеттігі ескертілді.
Жұмысшы топ өкілдері мұндай рейдтік іс-шаралар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатынын атап өтті. Бұл бағыттағы бақылау шаралары тек жазалау мақсатында емес, ең алдымен алдын алу, түсіндіру және қоғамда тазалық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
Қала әкімдігі тұрғындар мен кәсіп иелерін ортақ жауапкершілікке шақырады. Қала тазалығы мен тәртібін сақтау – әрбір азаматтың міндеті. Қоғамдық орындарды ластамау, құрылыс қалдықтарын арнайы белгіленген орындарға шығару, кәсіпкерлік нысандардың айналасын күтіп ұстау – баршаға ортақ талап.
Таза әрі көрікті қала – тұрғындардың мәдениеті мен жауапкершілігінің айқын көрінісі. Осыған орай, барлық қала тұрғындарын белгіленген талаптарды сақтауға, туған жердің тазалығына бейжай қарамауға шақырамыз.







