ШИЕЛІДЕ КӨКТЕМГІ ЕГІС НАУҚАНЫНА САЛТАНАТТЫ СТАРТ БЕРІЛДІ

1 511

ШИЕЛІДЕ КӨКТЕМГІ ЕГІС НАУҚАНЫНА САЛТАНАТТЫ СТАРТ БЕРІЛДІ

Шиелі ауданы аумағында көктемгі дала жұмыстарының басталуына арналған «Дала күні – 2026» салтанатты шарасы жоғары деңгейде өтті. Іс-шара Қызылорда облысы өңіріндегі Жөлек ауылдық округіне қарасты «Шолпан ана» шаруа қожалығының егіс алқабында ұйымдастырылып, алғашқы дән себу рәсімімен ресми түрде басталды.

Шараға аудан әкімі Айтбай Жандарбеков, мәслихат депутаттары, еңбек ардагерлері, зиялы қауым өкілдері, сондай-ақ ауыл шаруашылығы құрылымдарының жетекшілері мен шаруашылық иелері қатысты. Ашық аспан астында өткен жиын ауыл еңбегінің берекесін айшықтап, диқан қауымының жаңа маусымға деген сенімін нығайтты.

Салтанатты жиында сөз сөйлеген аудан әкімі көктемгі егіс жұмыстарының басталуы – өңір экономикасы үшін маңызды кезең екенін атап өтті. Ол жердің ырысын еселеп жүрген диқан еңбегінің әрдайым құрметке лайық екенін айтып, мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығына көрсетіліп отырған қолдауға ерекше тоқталды. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Үкіметтің және облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауының нәтижесінде аграрлық салада жүйелі даму байқалып отырғанын жеткізді.

Аудан басшысы Шиелі өңірінің еңбекқор диқандарымен танымал екенін, бұл аймақтан көптеген Еңбек Ерлері шыққанын атап өтіп, ауыл шаруашылығын дамыту бағытында жаңа технологиялар кеңінен енгізіліп жатқанын айтты.

Биыл Шиелі ауданы бойынша жалпы 31 213 гектар жерге егін егу жоспарланған. Оның ішінде негізгі дақыл – күріш 10 600 гектарға, бидай 1 623 гектарға, тары 200 гектарға, жүгері 2 000 гектарға, мақсары 1 000 гектарға, күнбағыс 10 гектарға, соя 70 гектарға, мал азықтық дақылдар 10 680 гектарға, ал картоп, көкөніс және бақша өнімдері 5 030 гектарға егілмек.

Егіс науқанына қажетті ресурстар да толық қамтамасыз етілген. Атап айтқанда, 15 300 тонна минералдық тыңайтқыш пен 13 547 литр гербицид шаруашылықтарға жеткізілген. Бұл көктемгі жұмыстардың жоспарлы әрі тиімді өтуіне мүмкіндік береді.

Соңғы жылдары ауданның ауыл шаруашылығы техникалары айтарлықтай жаңарып, егіс жұмыстарына заманауи комбайндар мен тракторлар тартылуда. Нәтижесінде техника паркі 68,5 пайызға жаңартылған. Биылғы науқанға жалпы 703 ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылып отыр.

Су ресурстарын тиімді пайдалану бағытында да ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Мәселен, «Таң LTD» ЖШС 1 000 гектар жерге жүгері дақылын тамшылатып суару әдісімен ексе, «Центр Семеноводства» ЖШС дәл осы көлемде жүгеріні жаңбырлатып суару технологиясымен өсіруде. Сонымен қатар, аудан бойынша 3 100 гектар жерге бау-бақша дақылдары тамшылатып суару әдісімен егілуде.

Су үнемдеу шаралары тек жаңа технологиялармен шектелмей, агротехникалық жұмыстармен де толықтырылуда. Биыл 10 мың гектар жер лазерлік тегістеуден өткізіліп, бұл жұмыстарға 45 заманауи техника тартылған. Бұл жердің құнарлылығын арттырып, суды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

Су жеткізу бағытында «Шиелісушар» өндірістік учаскесі тарапынан каналдарды тазалау және жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, «Базар арығы» каналына темір-бетон науалар орнату жұмыстары қолға алынған.

Шараның ең маңызды сәті – алқапқа алғашқы дән себу рәсімі болды. Осы сәттен бастап аудан аумағында көктемгі егіс науқаны ресми түрде басталды. Қатысушылар бұл күнді берекелі еңбектің бастауы, мол өнім мен ырыстың нышаны ретінде атап өтіп, диқан қауымына сәттілік тіледі.

«Дала күні – 2026» шарасы ауыл шаруашылығы саласының дамуына серпін беріп, еңбек адамдарының беделін арттыратын маңызды оқиға ретінде есте қалды.