ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА ФОРУМҒА ҚАТЫСУШЫЛАР ОБЛЫСТЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ
Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров және «Жастар және сайлау» республикалық форумына қатысушылар облыстық сайлау комиссиясы орналасқан «Сайлау үйінің» жұмысымен танысты. Іс-шара сайлау жүйесінің ашықтығын арттыру, цифрлық технологияларды енгізу тәжірибесін көрсету және жастардың сайлау процесіне қызығушылығын күшейту мақсатында ұйымдастырылды.
Сол жағалауда бой көтерген жаңа ғимарат аймақ басшысының тапсырмасына
сәйкес заманауи талаптарға сай толық жабдықталған. Мұнда сайлау процесін цифрландыруға бағытталған бірқатар инновациялық шешімдер енгізілген. Делегация мүшелерінің айтуынша, мұндай форматтағы «Сайлау үйі» еліміз бойынша алғаш рет дәл Қызылорда облысында іске қосылып отыр. Бұл өңірдің сайлау саласындағы жаңашыл бастамалардың орталығына айналып келе жатқанын көрсетеді.
Танысу барысында қатысушыларға орталықтың техникалық мүмкіндіктері мен ақпараттық жүйелері көрсетілді. Атап айтқанда, мұнда Daryn AI атты онлайн робот-көмекші жұмыс істейді. Бұл жүйе сайлаушыларға өз учаскесін табуға көмектесіп қана қоймай, сайлау процесіне қатысты жиі қойылатын сұрақтарға жазбаша және аудио форматта жедел жауап береді. Бұл азаматтардың ақпаратқа қолжетімділігін арттырып, қызмет көрсету сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар делегация мүшелеріне арнайы ұйымдастырылған «сайлаушылар көрмесі» таныстырылды. Көрмеде мектеп президентін сайлау кезіндегі онлайн дауыс беру жүйесі, цифрлық технологиялар мен датчиктер негізінде әзірленген «ақылды бюллетень» жобасы ұсынылды. Бұл жобалар жастардың сайлау мәдениетін қалыптастыруға және заманауи технологияларды қолдана отырып дауыс беру үдерісін түсіндіруге бағытталған.
Көрме аясында 3D графикамен жасалған шығармашылық жұмыстар, сайлау тақырыбына арналған қолөнер бұйымдары да көпшілік назарына ұсынылды. Бұл экспонаттар жастардың азаматтық белсенділігін арттыруға және сайлау процесін шығармашылық тұрғыда насихаттауға мүмкіндік береді.
Жиын барысында Жас сайлаушылар клубының белсенділері де өз жобаларын таныстырды. Олар сайлау процесін қарапайым әрі қызықты түрде түсіндіретін комикстер сериясын әзірлеген. Сонымен қатар жасанды интеллект технологияларын пайдалана отырып дайындалған дауыс берудің маңыздылығы туралы қысқаметражды мультфильмдер топтамасы да көпшілікке ұсынылды. Бұл бастамалар жас ұрпақтың саяси сауаттылығын арттыруға бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланды.
Айта кету керек, өңірде сайлау жүйесінің тұрақты әрі тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ететін 9 аумақтық, 134 округтік
және 378 учаскелік сайлау комиссиясы қызмет атқарады. Олардың құрамында барлығы 2642 мүше бар. Бұл құрылымдар сайлау процестерінің заңдылығын, ашықтығын және әділдігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.
Жалпы, «Сайлау үйінің» жұмысы мен таныстырылған цифрлық жобалар Қызылорда облысында сайлау жүйесін жаңғырту, ашықтықты арттыру және жастардың белсенділігін күшейту бағытындағы жүйелі жұмыстардың нәтижесін көрсетеді.
@Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі







