Қызылордада мәслихат төрағаларымен кездесу өтті

2 232

Фото: Қызылорда облысының әкімдігіҚызылордада Қазақстан Республикасының VIII шақырылымындағы облыстық мәслихат төрағаларының қатысуымен ауқымды кездесу өтті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Жиынға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, сондай-ақ «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Төлеубек Мұқашов және Қостанай, Жамбыл, Ақмола, Алматы, Жетісу, Ақтөбе, Абай, Ұлытау, Түркістан, Қарағанды, Батыс Қазақстан облыстары мен Шымкент, Астана қалалық мәслихаттарының төрағалары қатысты.

Кездесу аясында жергілікті мемлекеттік басқару саласындағы өзара іс-қимыл, халықпен тиімді байланыс орнату және өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы мәслихаттардың рөлі талқыланды.

Аймақ басшысы: Мәслихат – халық пен билік арасындағы алтын көпір

Өз сөзінде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жергілікті өкілді органдармен бірлесіп атқарылған жұмыстарға тоқталып, мемлекетті басқаруда мәслихаттардың маңызына ерекше тоқталды.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы екінші республикалық форумда: “Әкімдер мен мәслихат депутаттары – мемлекеттің жергілікті жердегі қос тірегі”, – деп атап өтті. Конституцияда да жергілікті мемлекеттік басқарудың қос тетігі – өкілді және атқарушы органдар екені айқын жазылған. Біздің басты міндетіміз – халықпен тығыз байланыс орнатып, олардың сұранысына жедел жауап беру», – деді аймақ басшысы.

Н.Нәлібаев ел Президентінің тапсырмасына сәйкес соңғы жылдары әлеуметтік салаға, инфрақұрылымға, өңірлік даму мен инвестициялық жобаларға бөлінген қаржының күрт артқанын мәлімдеді.

Экономикалық өсім – ортақ жұмыстың нәтижесі

Облыс әкімінің айтуынша, мәслихатпен бірлесіп атқарылған жүйелі жұмыстың арқасында Қызылорда облысы бүгінгі күні республика бойынша негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерде алдыңғы қатардан көрініп отыр:

  • Облыс бюджеті 851,3 млрд теңгеге жетті (2022 жылмен салыстырғанда 233% өскен);
  • Бюджеттің 56%-ы әлеуметтік салаға бағытталды;
  • 2021 жылы даму бюджеті 47 млрд теңге болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 207 млрд теңгеге жетіп, 4,5 есеге артты;
  • 2022 жылдан бері 200-ге жуық әлеуметтік нысан (мектеп, балабақша, медициналық мекеме және т.б.) салынды.

Бұл көрсеткіштер халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге, инфрақұрылымды жаңғыртуға тікелей әсер етті.

Мәслихаттар – саяси тұрақтылық пен қоғам сенімінің кепілі

Кездесуде мәслихат төрағаларының жұмысы мен олардың ел бірлігін сақтау, саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету жолындағы еңбектері жоғары бағаланды.

«Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап мәслихаттар ел болашағы үшін маңызды шешімдер қабылдауда белсенділік танытып келеді. Олар тек заң қабылдайтын құрылым ғана емес, халық сенімін арқалаған өкілдер, қоғамдық бақылаудың пәрменді құралы. Соңғы жылдары өткен бес ірі саяси науқанда мәслихат депутаттары белсенді жұмыс атқарғанын ерекше атап өтуіміз керек», – деді облыс әкімі.

Құрмет пен тарту

Қызылорда қаласының Қазақ елінің астанасы болғанына 100 жыл толуына орай, кездесуге қатысқан делегация мүшелеріне естелік сыйлықтар мен арнайы тартулар табысталды. Бұл – Сыр елінің тарихи рөліне, рухани және саяси мұрасына деген құрметтің белгісі.

Қызылордада өткен бұл кездесу – өңірлік дамудың стратегиялық бағыттарын талқылап қана қоймай, жергілікті өкілді және атқарушы органдар арасындағы серіктестікті нығайтудың жарқын үлгісі болды.

Мемлекеттік басқарудың ашықтығы мен тиімділігін арттыру, мәслихаттар мен әкімдіктердің үйлесімді жұмысы, сондай-ақ халық мүддесіне жұмыс істеу – бұл басқосуда алға қойылған басты қағидаттар.