СЫРДАН САЗДЫ СӘЛЕМ: ҚАЗАҚ ӨНЕРІ БЕРЛИН ТӨРІНДЕ

1 514

Бүгін Германия астанасы Берлин қаласында  Республика күніне орай Сыр елінің өнер шеберлері мерекелік концерт қойды. Оған Қазақстанның Германиядағы елшісі Нұрлан Онжанов, елшіліктің, қазақ диаспорасының өкілдері, дипломатиялық корпус мүшелері,  сондай-ақ Берлинде тұратын отандастарымыз бен жергілікті мәдениет жанашырлары қатысты.

Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған мәдени шараның мақсаты – қазақ халқының бай рухани мұрасын, ұлттық өнері мен мәдени құндылықтарын халықаралық деңгейде таныстырып, Сыр өңірінің өнерін шетелдік көрерменге насихаттау.

 Шығармашылық делегация Берлин төрінде ұлттық өнерімізді ұлықтап, қазақ мәдениетінің байлығы мен өзіндік болмысын танытты. Концертте «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі, Мәдениет саласының үздіктері Серік Жақсығұлов, Марат Сүгірбай, халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттары Айдос Шадаев, Гүлназ Нағашыбай, Ринат Үсенов, Аружан Төреғали және Рано Сабанкулова өнер көрсетті. Ал «Томирис» би ансамблі ұлттық хореографияның озық үлгілерін ұсынып, кештің көркін аша түсті. 

Концерт шымылдығы қазақ халқының рухани мұрасының символына айналған Қорқыттың күйімен ашылды. Кеш бағдарламасына жыраулық өнердің жауһарлары, халық әндері, ән-айтыс үлгілері мен патриоттық әндер арқау болды. Ұлттық өнердің сан қырын танытқан мазмұнды бағдарлама халқымыздың ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан өнер сабақтастығын айшықтады.

Мәдени шара аясында қонақтарға қазақтың ұлттық тағамдары ұсынылып, халқымыздың қонақжай дәстүрі мен дастархан мәдениеті де таныстырылды. Бұл келушілердің қазақ халқының салт-дәстүрі мен ұлттық құндылықтарына деген қызығушылығын арттыра түсті.

Сыр өнерпаздарының  сапары – ұлттық мәдениетімізді халықаралық кеңістікте дәріптеуге, шығармашылық байланыстарды нығайтуға және Қазақстанның мәдени әлеуетін танытуға бағытталған маңызды қадам. Қазақтың әні мен күйін шетел төрінде әуелеткен өнер иелері Сыр елінің рухани байлығын паш етіп, ұлттық өнеріміздің өміршеңдігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Өнерпаздар берлиндік көрерменнің ыстық ықыласы мен зор қошеметіне бөленді.

@Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

OpenNews
ақпарат агенттігі
Заңды ақпарат

Басылым бетіндегі материалдарды пайдаланған жағдайда сілтеме жасалуы міндетті.

Ақпараттық өнім +18 жасқа толған және жасы одан жоғары адамдарға арналған.

Байланыс

Мәтінде қате таптыңыз ба?
Таңдап, оны белгілеп Ctrl + Enter басыңыз.

Әлеуметтік желілер

Copyright © 2010-2026. «OpenNews» - ақпарат агенттігі.