Аудан әкімі Ардақ Ибраимов жабық бассейннің ішкі жөндеу жұмыстарын бақылады

1 529

Фото: Жалағаш ауданының әкімдігіБүгін аудан әкімі Ардақ Ибраимов Бодыбай Құлтекенов атындағы жабық бассейнге барып, онда жүргізіліп жатқан ішкі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Әкім нысанды аралау барысында мердігер мекеме өкілдерінен қазіргі таңда атқарылған жұмыстар жөнінде есеп алып, алдағы кезеңде орындалуы тиіс міндеттер туралы толық ақпарат сұрады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Бассейн ішіндегі құрылыс пен әрлеу жұмыстарының сапасына баса назар аударған аудан әкімі жөндеу процесінің барлық кезеңінде белгіленген талаптардың сақталуын міндеттеді. Ол нысанның тұрғындар үшін маңызы зор екенін айта келе, жөндеу жұмыстарын белгіленген мерзімнен кешіктірмеуді, мүмкіндігінше мерзімінен бұрын аяқтап, бассейнді халық игілігіне ұсынуды тапсырды.

Аудан әкімі нысанның қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған шараларға ерекше тоқталды. Ол бассейн ішінде санитарлық тазалықты тұрақты сақтау, залдар мен су айдындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, желдету және жарықтандыру жүйелерінің дұрыс жұмыс істеуін бақылау, сондай-ақ келушілер үшін қолайлы жағдай қалыптастыру қажеттігін айтты. Сонымен бірге бассейннің ішкі және сыртқы келбетін талапқа сай ұстау, ғимарат аумағын абаттандыру және келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берілді.

Жалпы, нысанның қайта жаңғыртылып, толыққанды жұмыс істеуі тұрғындардың спортпен шұғылдануына, балалар мен жасөспірімдердің жүзу үйірмелеріне қатысуына және салауатты өмір салтын насихаттауға оң ықпал ететіні атап өтілді. Аудан әкімі жөндеу жұмыстарының сапасы мен уақтылы орындалуы қатаң бақылауда болатынын жеткізді.