ҚЫЗЫЛОРДАДА ҚАҢҒЫБАС ИТТЕР ҚАУІП ТӨНДІРУДЕ

2 540

Фото: ChatGpt көмегімен жасалдыҚызылордада қаңғыбас иттер мәселесі күн өткен сайын көбеюде,- деп хабарлайды Оpennews.kz  ақпарат агенттігі.

Тұрғындардың айтуынша, қаңғыбас иттер қораға кіріп, малға шабуыл жасаған. Нақтырақ айтсақ Қызылжарма ауылдық округінде екі бірдей тұрғынның қорасына кіріп, бірінің 15 шақты тауығын, екіншісінің 10-нан астам уақ малын жайратып салған. Ең сорақысы, бәле-жәле осымен кетсін деген халықтың тілегі орындалмауы. Малды қырған, есесіне ешқандай жаза алмай, секемденбеген қаңғыған иттер тынышталсын ба? Жоқ әрине, олар енді дәрменсіз, қорғансыз балаларға шабуда. Жақында әлеуметтік желіде “taptaza_medet” атымен белгілі блогердің баласын ит тістегені туралы бейнематериал тарады. Балаға дер кезінде медициналық көмек көрсетілген. Әрине, аурудың асқынбай дер кезінде ем-шара қабылданғаны жақсы. Бірақ басты сұрақ бар: мұндай жағдайдың алдын алу үшін не істеліп жатыр, қандай шаралар қолданылуда? Одан да маңыздысы, бұл бағытқа бөлінетін бюджет қаражаты қаншалықты тиімді жұмсалуда?

    Біз осы мәселе бойынша облыстық ветеринария басқармасына ресми сауал жолдадық. Нақтырақ атап айтқанда сауалда: қаңғыбас иттердің саны, соңғы жылдардағы аулау жұмыстары, тұрғындардан түскен шағымдар, 2024–2025 жылдарға бөлінген қаржы және оның жұмсалу бағыттары сынды анық сұрақтар жолдаған болатынбыз. Мекемеге нақты сұрақ қойылды. Алайда жауаптың орнына жорамал, деректің орнына долбар берілді. Ресми статистика қайда? Нақты дереккөз қайда? Әлде бұл мекеме өзіне өзі би, өзіне өзі қожа болғаны ма? Қоғам алдында есеп беру – олардың заң алдындағы міндеті. Сонда олар Ата заң талаптарын елемей, өздерін заңнан жоғары қойғанының айқын көрінісі. Сонда олар не істеп, не қойып жатқанын ешкімге түсіндіруге міндетті емес пе? Әлде “білгенімізді істейміз, қалғаны маңызды емес” деген көзқарас қалыптасқан ба? Бұл жерде бір маңызды мәселе бар. Қазақстан Республикасының «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңына сәйкес, мемлекеттік органдар азаматтар мен БАҚ сұратқан ақпаратты толық әрі нақты беруге міндетті. Әсіресе, ол бюджет қаражаты мен қоғамдық қауіпсіздікке қатысты болса.

   Бұл енді жай салғырттық емес, бұл - ашық жауапсыздық. Егер әр сұраққа нақты дерекпен емес, ойдан құралған, шұбалаң жауап берілсе, ондай мекеменің сөзіне қалай сенуге болады? Ондай мекеменің барынан жоғы. Есеп беруден қашқан жерде жүйелі жұмыс та, сенім де болмайды.

Қаржы бөлінген соң тиісті жұмыстар атқарылып, соған сәйкес нәтиже болуы керек. Ал бүгінгі көрініс қандай? Иттер азайған жоқ. Керісінше малға шауып, одан қалды енді өсіп келе жатқан балаларға шабуда. Ертең ол баланың психологиялық тұрғыдан сау болып өсетініне кім кепіл? Бөлінген қаржының есебін, сонымен қатар атқарылған жұмыстардың есебін беруге жарамай отқан салғырт мекеме ма? Бәлкім жұмыс та атқарылмай жатқан болар. Жұмыс атқарылған болса ресми статистика, нақты нәтижелер болар еді.

Тұрғындардың шағымдары да тоқтар емес. Қай әлеуметтік желіні ашып қарасаң да, қаңғыған иттен қорқып басын бұққан қара халық. Ит ататындарды шақырып, әкімшілікке хабарласса апталап күтуге мәжбүр. Оның өзінде келсе, көп жағдайда келмей жауапсыз қалады дейді әлеуметтік желіде ашынған тұрғындар. Бұл жерде тұрғындардың қауіпсіздігі, балалардың амандығы тұр. Егер бүгін нақты шаралар қабылданып, арнайы жұмыстар жүргізілмесе ертең кеш болуы мүмкін. Сондықтан бұл мәселе жабық қалмауы тиіс. Қоғам нақты жауап күтеді. Бұл - заң аясындағы сұрақ. Ал заңға сәйкес қойылған сұраққа нақты жауап болуы тиіс.

  Қайғылы жағдай орын алып, адам өмірі қиылғаннан кейін қозғалғаннан не пайда? Кешіккен қимыл кеткен жанды қайтарып, төгілген көз жасты тоқтатпайды. Мұндай сәтте дабыл қағып, кінәлілерді іздеп, әрекетке көшкендей болу шын мәнінде жауапкершіліктің кеш оянған көрінісі ғана, құр далбаса. Негізгі міндет апаттың салдарымен күресу емес, оның алдын алу. Әрбір қайғылы оқиға жүйедегі олқылықтың айғағы. Егер сол олқылық дер кезінде түзетілмесе, мұндай жағдайлар қайталана береді. Сондықтан нақты бақылау, жүйелі жұмыс, алдын алу шаралары бос сөз емес, адам өмірін сақтап қалатын басты құрал.

 Нағыз жауапкершілік қайғылы жағдай болғаннан кейін емес, қайғыға жол бермейтін кезде танылады.