Қазақстанда қалдықтарды өңдеуге 113,6 млрд теңге бөлінді

2 508

Фото:© ЖИ арқылы жасалғанҚазақстанда тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу және сұрыптау инфрақұрылымын дамыту бағытында ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі Kazinform.kz сайтына сілтеме жасап.

 Соңғы екі жылда жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламасы аясында 28 жобаға 113,6 млрд теңге бөлінген. Министрлік мәліметінше, елімізде жыл сайын шамамен 4,5 миллион тонна коммуналдық қалдық түзіледі. Қазіргі уақытта оның 30% пайызға жуығы сұрыпталып, қайта өңдеуге жіберіледі. Мамандардың айтуынша, қалдықтарды қайта өңдеу көлемін ұлғайту қоршаған ортаға түсетін салмақты азайтып қана қоймай, жаңа өндірістер мен жұмыс орындарының ашылуына да мүмкіндік береді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2024 жылдан бастап утилизациялық төлемдер есебінен қалдықтарды басқару саласындағы жобаларды жеңілдетілген қаржыландыру тетігі іске қосылды. Бағдарлама аясында кәсіпорындарға қоқыс таситын арнайы техника, сұрыптау кешендері мен қайта өңдеу зауыттарын сатып алу үшін жылдық 3% пайыздық мөлшерлемемен 15 жылға дейін несие беріледі.

Министрлік жанындағы Инвестициялық штаб 2024-2026 жылдар аралығында жалпы құны 302,3 млрд теңгені құрайтын 61 жобаны мақұлдаған. Бұл жобалардың басым бөлігі қалдықтарды жинау, тасымалдау, сұрыптау және қайта өңдеу жүйесін жетілдіруге бағытталған. 2026 жылғы 2-ші маусымдағы жағдай бойынша Жасыл даму акционерлік қоғамы 28 жобаны қаржыландырып, олардың жалпы сомасы 113,6 млрд теңгені құрады. Оның ішінде 98,9 млрд теңге нақты игерілген. Қолға алынған жобалар елдегі қалдықтарды басқару жүйесін жаңғыртып, қайта өңдеу саласының әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде 2030 жылға қарай тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу үлесін 40% пайызға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін инфрақұрылымды кеңейтумен қатар, халық арасында қалдықтарды бөлек жинау мәдениетін қалыптастыру және қайта өңдеу кәсіпорындарын қолдау маңызды.

Қазіргі уақытта 11 жоба пайдалануға берілген. Сонымен қатар биыл тағы 11 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Ал бірқатар кәсіпорындарда құрылыс жұмыстары 2027-2028 жылдарға дейін жалғасады, – деді Руслан Түкенов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.