«Әскери баспана» жеңілдетілген ипотекасы қайта қаралуда

1 480

фото: kn.kzҚорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Даурен Қосанов пен «Отбасы банк» басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимованың кездесуі өтті. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Кездесу барысында әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету, сондай-ақ «Әскери баспана» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламасын қайта іске қосу мәселелері талқыланды. Министрдің айтуынша, әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайын жақсарту — Қорғаныс министрлігі жұмысының басым бағыттарының бірі.

Даурен Қосанов кездесу барысында «Отбасы банк» мобильді қосымшасының қызметінде туындаған техникалық ақауларды жедел шешкені үшін Ләззат Ибрагимоваға алғысын білдірді. Сонымен қатар ол қосымша қызметінің толық қалпына келтірілуіне үміт білдірді.

Әңгіме барысында министр «Баспана.кз» сайтында жарияланған жаңа талаптарға да назар аударды. Оның пікірінше, бұл өзгерістер әскери қызметшілердің жалдамалы баспана рәсімдеуде қосымша қиындықтарға тап болуына себеп болып отыр.

Кездесудің басты назарындағы тақырыптардың бірі — «Әскери баспана» бағдарламасының қайта іске қосылуы болды. Министр бастапқы жарна мен несие мөлшерлемесін төмендету мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

– Бүгінде әскери қызметшілер үшін қолжетімді ипотека қажет. Тұрғын үй бағасының өсуіне байланысты бастапқы жарна жинау қиынға соғуда. Мұндай жағдайда тиімді ипотекалық құралдардың жоқтығы мәселені ушықтырып отыр, – деді Қосанов.

Оның айтуынша, бүгінде 15 мыңнан астам әскери отбасы тұрғын үй төлемдері мен «Әскери баспана» секілді бағдарламалар арқылы өз баспаналарын алып үлгерген. Осы тәжірибені жалғастыру маңызды.

Сонымен қатар министр екінші деңгейлі нарықтан тұрғын үй сатып алу мүмкіндігін қайтаруды ұсынды. Себебі көптеген әскери қызметшілер жөнделген, инфрақұрылымы дамыған және қызмет орнына жақын орналасқан пәтерлерді таңдауға ниетті.

Кездесу соңында тараптар әскери қызметшілердің тұрғын үй мәселесін шешуде бірлесіп жұмыс істеуге дайын екендіктерін білдірді.