Кәсіп еткенге нәсіп мол

2 223

Фото: zhaikpress.kzЖергілікті тұрғындар арасында да кәсіпкерлік кең қанат жайып, бизнеске ынталы азаматтардың қатары артты., - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Жас кәсіпкерлерді қолдаудан бөлек, орта бизнеске арналған тиімді бағдарламалар да бар. Осындай қолдаудың нәтижесінде көкжиегін кеңейтіп отырған кәсіпкерлер жетерлік.

Биылғы жылдың 9 айлық қорытындысы бойынша, Қазалы ауданындағы өнеркәсіп өнімінің көлемі 18 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 105,5 процентке орындалған. Саланың басым бөлігін құрайтын өңдеу өнеркәсібінің көлемі 16,1 миллиард теңге болып, нақты көлем индексі 104,8 процентті құрады. Ал шағын және орта кәсіпкерлік саласында 5 845 кәсіпкер тіркеліп, нақты жұмыс істеп тұрғаны – 5 654 бірлік, яки белсенділік көрсеткіші – 96,7 процент болды. Аудан кәсіпкерлері тарапынан 8,5 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өнім көлемі 193,1 процентке өсім қалыптасты. Жыл басынан бері ауданда жаңадан 17 кәсіпкерлік нысан бой көтеріп, 56 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етті. Кәсіпкерлікті қолдау шараларына келсек, мемлекеттік бағдарламалар аясында қаржы ұйымдары тарапынан 247 жоба бойынша аудан кәсіпкерлеріне 3,3 миллиард теңге несие, грант қаражаты берілген. Бөлшек сауда айналымы 8,3 миллиард теңге болып, 4,7 процентке көбейіпті.

Бала өсіріп, жар күтетін әйел – ел экономикасына үлес қосу бағытындағы ауқымды жұмыстарда да өте белсенді. Әсіресе кәсіпкерлік жұмыстарында бағы мен іскерлігін ұштауда қыз-келіншектер тартынып жатқан жоқ. Кәсіп бастаудағы мақсатым – тек табиғи, денсаулыққа пайдалы тағамдарды халыққа ұсыну. Соның бірі халыққа ұнайтындай өнімдерімнің түрін көбейтіп, шұжық әзірлейтін кішігірім өзімнің жеке цехымды ашқым келеді. Несібе – еңбек еткенде. Бизнесті сәтті жүргізу үшін күнделікті тынбай еңбектену қажет. Сонымен қатар үнемі ізденіс үстінде жүріп білім алып, кәсіби деңгейін арттыруға ұмтылмаса барлығы бекер болады. Иә, көп еңбек еткенге бақыт та басын иеді. Әлем де еңбекпен ғана жасарып, жаңғырады емес пе? – дейді жас кәсіпкер Ару Махатқызы.

Қазір кейбірінде тәуекел жоқ. Сол үшін де болар, жұ­мыссыз жүргендердің саны азаяр емес. Бір жерден «бірдеңені» күтіп отырғанша, неге әрекет етпейді деген заңды сауал туындайды. Біз несиеге тамақ ішіп, киініп, тіпті қымбат айфон алуға құмармыз. Ал сол несиеге неге бір кәсіптің көзін бастап көрмеске? Талпыныс жоқ па? Мүмкін тәуекелділіктің жетпей тұрғаны шығар? Орайын тапқанға кәсіп көп. Саусақ біріксе, ине ілігеді.

Адам тәуекелшіл болмаса бір орыннан жылжымайды. Мен өз кәсібіммен айналысқалы осыны түсіндім. Біздің бойымызда бір істі бастауға бел бумайтын қасиетіміз бар. Болашағы қалай болар екен деп ойланып, тәуекелге бармаймыз. Қазақта «Нар тәуекел» деген сөз бар ғой. Адам тәуекелшіл болуы керек, сол кезде бір нәтижеге жетеді деп ойлаймын. Адамның өзі еңбек етіп, өзінің жеке кәсібінен нәсібін тапқаны ең жақсы іс. Ешкімге тәуелсіз өз ісіңді жүргізе білу де өнер. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген ұлы Абай атамыздан қалған сөз бар. Кәсіптің түбі береке, жақсы бастама тек қана биіктерге жетелейді, – дейді жас кәсіпкер, «Dental Sheikh» стома­толо­гиясының басшысы Данияр Шайксламов.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Еңбек – бәрін жеңбек. Әрбір еңбек бағалы! Біз еңбекқор ұлт болуымыз керек» деп еді. Иә, екі қолға бір күрек алып, тыраштану әр адамның өз еншісінде. Нарықтың заңы – тіршіліктің ебін білу.