«Агробизнес»: Қазалылық кәсіпкер мемлекеттің қолдауымен кәсіп көзін кеңейтті
Қазалылық кәсіпкер мемлекеттің қолдауымен кәсіп көзін кеңейтті,- деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.
Түйе өсіру – мал шаруашылығының дәстүрлі салаларының бірі. Кәсіпті қолға алған Қазалы ауданының тұрғыны Гүлбану Әлиева мемлекеттік бағдарламаның көмегімен мал шаруашылығының ішінде түйе өсіруге ерекше көңіл бөліп отыр.
Ол былтыр күзде «Агробизнес» мемлекеттік бағдарламасымен «Сырдария-1» несие серіктестігі арқылы 11 млн 400 мың теңге қаражатқа қол жеткізіпті. Оған жақын ауылдардан 14 бас аналық түйе және бір тайлақ сатып алған.
« Өзім 2011 жылы көрші Бекарыстан би ауылынан келін болып түстім. Келген жерім мал ұстап, атакәсіппен айналысады. Сондықтан осындағы анамның тәрбиесімен үй шаруасына төселіп, біраз нәрсені білдім. Сиырдан бөлек, түйе саууды да осында жүріп үйрендік. Оған атам мен енем көп көмектесті. Қанша дегенмен мал танитын әрі тәжірибесі бар кісілер ғой. Мойындауымыз керек, қазір ауылда тұратын келіндер сиыр, түйе сауа бермейді. Сүт өнімдері дүкенде де толып тұр. Содан алғанды тәуір көреді, бірақ олар табиғи емес қой.», – деп ағынан жарыла әңгімесін бастады Гүлбану.
Түйе жануары ертедегі көшпелі халықтың ең негізгі көлік қатынасы болған. Жүк тасуға таптырмас, төзімді әрі мықты түлік – ел берекесі. Шөл мен шөлейт далада түйе бағуға қолайлы келеді. Қазіргі таңда елімізде түйе шаруашылығымен Маңғыстау, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарында айналысады. Алайда елімізде түйені өсіру, шұбаты мен етін, жүнін сатуды жолға қою, тіпті индустрияға айналдыру күрделі шаруа
Түйенің жүні мен түбіті жеңіл өнеркәсіп индустриясында табиғилығы мен жылу жоғары бағаланады, бірақ Қазақстанда емес, шетелде. Әсіресе, түйе жүнінен жасалған көрпелер жылуды жақсы ұстайды. Алайда отандық жеңіл өнеркәсіптің деңгейі мал терісі, жүні, түбітін жаппай өңдеуге кедергі болып отыр. Ал түйе еті сиыр, қой, жылқы етінен гөрі сұраныста жоқ. Неге?
Түйе еті дәмі мен құнарлығы жағынан сиыр етінен еш айырмашылығы жоқ. Алдымен еттің құрамын талдап көрелік. Түйе еті фосфор, калий, темірге бай, құрамында В1, B2, B9, PP, C, E және А дәрімендері бар. Түйе етінде майлы қатпарлар жоқ, сондықтан түйе еті диеталық тағам болып есептеледі. Түйе етінің орташа құнарлығы – 160,2 ккал, онда 18,9 г аққуыз, 9,4 г май, 0 г көмірсу бар. Жалпы алғанда түйе еті сиыр етіне ұқсас келеді, әсіресе жас малдың еті жұмсақ әрі дәмді.
Елімізде экспорт әлеуеті нөлге тең десе болады. Үлкен нарықтар – Ресей мен Қытай түйе етінен гөрі сиыр еті мен қой етіне басымдық береді. Экспорттау тек жекелеген асыл тұқымды түйелер бойынша шағын көлемде ғана жүзеге асады. Көп мемлекетте түйе етін жемейді, тек шөлді жерде көлік, экзотика үшін пайдаланады. Монғолияда түйе етінен бағалы май қайнатады. Түйе жүнінен жоғары сапалы маталар, қыл қаламдар әзірленеді, ал бәдәуилер бағалы кілем тоқуды қолға алған. Бұл мемлекеттердің өз шикізаты жеткілікті.
XX ғасырдың 60 жылдары Қазақстан түйе шаруашылығы бойынша әлемдік рейтингте алдыңғы қатарда болды. Дүниежүзі бойынша түйе шаруашылығындағы механикалық түрде сауу ғылыми мақалалары алғаш Қазақстан террирориясында жарыққа шыққан болатын. Осымен, өкінішке орай, саланың дамуы тоқтап қалды.
Түйе еті сұраныста болмаса да шұбаттың әлеуеті жақсы. Түйе сүтінің пайдалы емдік қасиеттері жоғары. Дегенмен, түйе сүтінің көлемінен, сүтті өңдеу мекемелер санынан еліміз Дубай, Біріккен Араб Әмірліктері мен Солтүстік Африканың бірқатар елдерінен кейін алғашқы бестікке енеді. Елімізде түйе жайылымына климат пен жаңтақ сынды табиғи ресурстардың болуы дәл осы шаруашылықтың дамуына барлық жағдай жасап тұр. Нәтижесінде, түйе сүті тағамдарының майлылығы ерекше. Сапасы да, дәмі де жоғары деңгейдегі өнім алуға жағдай жасауда.
Түйе шаруашылығына барынша қолдау қажеттігін баса айтып, бұқараға дұрыс ақпараттың жетуін бақылауды кеңес еткен сарапшы, салыстыруды негізге ала отырып дамуды ұсынды. Итальяндық «капучино» сусыны қазақ даласын қоя бергенде күллі әлемге танымал болып кеткен мысалын бізге неге «куличино» деп атап түйе не жылқы сүтін таратпасқа? Көбігі капучинодан кем болмасын айқындап кетті маман.
Қазақстанға келген Германиялық тәуелсіз сарапшы Марио Юан мырза болса Алматы мен Қызылорданың шұбаттары сапасы былай тұрсын, тіпті дәмі мүлдем басқа екендігін байқаған екен. Тұрақты тұтынушы болсам, Қызылорданың қымызынан басқа қымыз ішпес едім дейді шетелдік серіктесіміз.
«Шетелдік азаматтардың басым көпшілігі өнімнің өзінен емес, оны дайындау барысындағы гигиеналық мәселелерден қорқады. Потенциалды тұрғыда экспортқа сұраныс бар. Өзімнің тарапымнан шетел нарығына шықпас бұрын, біріншіден, ішкі нарыққа жұмыс жасауларыңызды кеңес етер едім. Сіздерде ішкі сұраныспен ақ тиісті нормативтер орнату арқылы өнімнің сапасын жоғарылатып, жақсы табысқа жетуге болады», – деп кәсіби көзқарасын айтты маман.
Оның айтуынша, алғаш келін болып түскенде үйде жалғыз түйе болыпты. Кейіннен біртіндеп көбейген. Бүгінде пұлдап алғаны бар, бұрыннан келе жатқанын қоса есептегенде 30 шақты басқа жеткен. Биыл жеті інген боталапты, буазы да баршылық. Жас кәсіпкер түйені өзі сауып, шұбатын аудан орталығына өткізеді. Солай табыс тауып жүр.
« Қазір көктем, алдағы жаз айында күніне екі-үш рет саууға болады. Шұбатқа тапсырыс көп. Аудан орталығындағы немесе ауылдағы ағайын той мен асқа сатып алады. Жолдасым мал дәрігері болып жұмыс істейді. Түйеге уақытылы екпе салу, ауырған жағдайда ем-дом жасау – сол кісінің мойнында. Жалпы мұны отбасылық кәсіп десек те болады. Алдағы уақытта өз ауылымыздан екі-үш адамды жұмысқа алмақпыз.», – дейді ол.
Атакәсіпті жандандырып, оны табыс көзіне айналдырған Гүлбанудың алдағы жоспары – түйе түлігін әлі де көбейту. Өйткені, оның етіне де, шұбатына да сұраныс тым көп. Ал жүнін қыста ең қажетті сырт киімдер, сондай-ақ бөкебай, шарқат, белдік, шұлық тоқу үшін іздейтіндер жеткілікті. Көрпе-төсекке мақта орнына салады. Түйе шудасының жылуынан бөлек, емдік қасиеті бар. Шыққан не сынған сүйектің бітуіне тез әсер етеді. Оның буын, құяң, бүйрек аурулары, радиация сәулелеріне қарсы қасиетін ғалымдар мойындап отыр. Жалпы түйе жүнінен істелген қай өнімнің де бағасы тым жоғары екені белгілі.
Айта кету керек, Қазалыда жыл басынан бері 351 шағын және орта кәсіпкерлік тіркеліп, барлығы 6472 бірлікті құрап отыр. Ауданда сауда айналымын және өндіріс түрлерін ашу, дамыту үшін түрлі қаржы ұйымдары тарапынан 618 млн теңгеден асатын қаржыға 95 жобаға несие беріліпті. Ал жыл басынан бері 3 кәсіпкерлік нысан ашылып, 16 адам жұмысқа орналасқан.