Қазақстанда орындықта ұйықтап қалған канадалықты тонап кеткен

1 507

Фото:©Павлодар обл / ПДТоронто қаласының тұрғыны Лю Фенга Қазақстандағы тарихи және мәдени орындарды аралауды жоспарлап, елге туристік сапармен келген,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі Baq.kz сайтына сілтеме жасап.

Ол бірнеше өңірді қамтитын бағытын алдын ала әзірлеп, сапарын Абай облысынан елордаға қарай жалғастырған. Жолай көлік ауыстыру үшін аялдаған саяхатшы келесі рейсін күтіп жүрген кезде қоғамдық орындардың біріндегі орындықта мызғып кеткен. Оянған соң жол сөмкесінен қолма-қол ақшасы мен шетелдік төлқұжатының жоғалғанын байқап, құқық қорғау органдарына жүгінген. 

Мен бірден 102 нөміріне қоңырау шалдым. Маған міндетті түрде көмектесетініне сенімді болдым. Бірнеше минуттан кейін полиция қызметкерлері келді. Мен болған жағдайды айтып бердім. Барлығы менің мәселеме түсіністікпен қарады: бірі су ұсынды, сабырға шақырды және бәрін табатынын айтты, – деді Лю Фенга.

Турист үшін ең үлкен мәселе – жеке басын куәландыратын құжаттың жоғалуы болды. Себебі төлқұжатсыз оның сапарын жалғастыруы және Канадаға оралуы қиынға соғар еді. Оқиға туралы хабар алған полицейлер дереу іздестіру шараларын бастап, бейнебақылау камераларының жазбаларын зерделеген. Жедел-іздестіру жұмыстары барысында күдікке ілінген екі адам анықталып, көп ұзамай ұсталған. Тексеру нәтижесінде ұрланған төлқұжат пен ақша толық көлемде табылып, заңды иесіне қайтарылған. Канадалық азамат көрсетілген көмек пен кәсіби қолдау үшін тәртіп сақшыларына алғысын білдірген. Аталған дерек бойынша ұрлық фактісімен қылмыстық іс қозғалған. Қазіргі уақытта күдіктілердің осыған ұқсас өзге де құқық бұзушылықтарға қатысы бар-жоғы анықтап жатыр.

Қазақстанға саяхаттап келген Канада азаматының ұрланған құжаттары мен ақшасы полицейлердің жедел әрекетінің арқасында қысқа уақыт ішінде табылған. Соның нәтижесінде шетелдік турист сапарын жалғастырып, кейін еліне аман-есен оралу мүмкіндігіне ие болған.