Курьер клиенттің 1,5 миллион теңгелік алтынын ұрлап кеткен
Алматылық тұрғын танымал жеткізу сервисі арқылы құны шамамен 1,5 миллион теңгелік алтын бұйымдарын жіберген. Алайда тапсырысты алған курьер кейін байланысқа шықпай қойған,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.
Мұны Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында “Ұлттық тұтынушылар лигасы” РҚБ президентінің орынбасары Василий Романовский айтқан.
Оның сөзінше, курьер тапсырысты жеткізуге тиіс болған. Бірақ кейін қоңырауларға жауап бермей, жоғалып кеткен. Кейін оның өз аккаунтымен жұмыс істемегені анықталған.
Курьерге қандай бұлтартпау шарасы қолданылғаны нақты айтылмаған.
Мамандар курьерлік қызмет арқылы ақша, құжат, зергерлік бұйым және басқа да құнды заттарды жібермеуге кеңес берген. Егер курьер тапсырысты алып, кейін байланысқа шықпай қойса, бұл жай ғана тұтынушылық дау емес.
Василий Романовскийдің айтуынша, мұндай жағдайда агрегаторға тікелей талап қою кейде қиын. Себебі жеткізу сервистері көбіне делдал ретінде жұмыс істейді және тапсырысты нақты кім орындап жатқанын толық бақыламауы мүмкін.
Сондай-ақ спикер курьер тағамды лас термосөмкемен жеткізсе немесе санитарлық кітапшасын көрсете алмаса, клиенттің тапсырыстан бас тартуға құқығы бар екенін айтқан.
Оның айтуынша, мұндай жағдайдан кейін платформа курьермен де, клиентпен де сөйлесіп, мән-жайды анықтай алады.
Еске салайық, Тұтынушылар құқығын қорғау комитеті Қазақстанда курьер тауармен бірге жоғалып кетсе не істеу керек деген сұраққа жауап берген еді. Мамандардың сөзінше, мұндай жағдайлар сирек кездескенімен, тұтынушы курьерді өзі таңдай алмайды, тапсырыс қосымша арқылы автоматты түрде бөлінеді. Сондықтан мәселе туындаса, ең алдымен платформаның өзіне ресми шағым жолдау қажет. Шағым 10 күн ішінде қаралуға тиіс. Егер тұтынушы жауаппен келіспесе немесе жауап берілмесе, аумақтық департаментке не Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне жүгіне алады.
Қазір электронды сауда мен жеткізу қызметін реттеуді күшейту мәселесі де қарастырылып жатыр. Заң жобасы аясында курьерлердің жауапкершілігі мен тауарды тұтынушыға жеткізу тәртібін нақтылау ұсынылуы мүмкін.







