ҚАЗАНТАЕВ ХАЛЫҚҚА УӘДЕ ЕТКЕН «ТЕГІН ЖАҒАЖАЙ» САЛЫНБАДЫ

1 045
Қызылорда қаласының әкімдігіне сәуір айынан бастап басшылыққа келген  Қазантаев Ғанибек Қонысбекұлы  шаһар жұртшылығы жаңашылдығымен келеді деп асыға күтті – деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі. 

Күткендей жаңа әкім ел жұмысына белсене кірісіп кеткені де белгілі. Халықпен етене араласып, тіл табысуға тырысты. Тіпті «Эдельвейс» саяжайы алдынан халыққа арналған «ТЕГІН» жағажай салып беремін деп уәде етті. Бірақ, сол уәде сол жерде қалды...
Қала әкімі Қазантаев Ғанибек Қонысбекұлы –ның  осындай орамды ойға келуіне басты себеп, судағы қайғылы оқиғалар негіз дейді-мыс. Шілде айында қолданысқа беріледі деген жағажай әлі күнге дейін хабарсыз, қозғаусыз кетуінің сыры неде? Әлде қызумен айта салды ма екен? 
Білдей шаһар басшының сөзінің салмағы болмағаны ма?  Қала әкімдігі жарияға жар салып: «Коммуналдық жағажайды іске қосу жақын күндері жүзеге асады» деп,  атойлатып салынған жағажайдың аты бар да заты жоқ. «Жүзу үшін арнайы жасалған «Эдельвейс» жаңа жағалау аймағында тұрғындар үшін барлық жағдай жасалатын болады. Жағажай келушілері жаппай демалуға, шомылуға және күнге шомылуға арналған тиісті жабдықтармен қамтамасыз етіледі», деген әкім әңгімесі дәл бүгін қаңқу сөзбен тең болғандай болып тұр. Бәрін айтта, бірін айт демекші, ең бастысы, бұл жағажай халыққа ақысыз қызмет көрсетеді делінген. Осы орайда тегін қызметпен қамтылатындығына қуанған тұрғындардың қуанышы ұзаққа созылмады. «Айдалада ақ отау, аузы мұрны жоқ отаудың», болғанынан боладысы  қызық екен. Жергілікті билік басшысы берген уәдесін орындай алмауының себебі неде? Әкімшіліктің мәліметінше, «Эдельвейс жағажайы меценаттар мен демеушілердің қолдауымен жабдықталатын болады, әзірлеу жұмыстары басталып кетті. Басты мақсат - жазда халықтың судағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету» делінген. Айтылған сөзді ағыс шайып әкетті ме? Қала әкімі де, меценаттарымызда тым-тырыс. 


Бүгінгі жағажайдың сиқы топырағы  көкке ұшып,  жергілікті тұрғындардың шағымын да тудырып, үлгерді. Осы орайда жергілікті тұрғын: «Бұл маңға жағажайдың керегі жоқ. Жағажайдың құрылысы несі, қала әкімінің келгенінде, кім екенінде  білмейміз. Бұл жерде өмір сүріп жатқаныма 40 жылдың жүзі болды. Жол бойындағы ағаштарымыздың бәрін рұқсатсыз  отап тастады. Одан қалды ұзын сонар кезекпен ірі жүк көліктері келіп, құм түсіріп білгендерін істеді.  Осы жер жағажай салатындай стандартқа сай ме екен? Неге сынама жұмыстарын жүргізбей шешім қабылдаған.  Құр босқа қала тұрғындарының денсаулықтарына залалын келтіріп жатыр. Жаз бойы  құмның кесірінен егініміз шықпай, қурап қалды»-деді қарт тұрғын Дастан аға.
Қызылорда қаласының әкімі Қазантаев Ғанибек Қонысбекұлы шілде айында қаламызда жаңа жағажай құрылысының жүріп жатқанын «Эдельвейс» жағажайы ресми түрде 2021 жылдың шілде айының он күндігінде қолданысқа берілетінін ашық жариялаған болатын. Алайда жаз өтіп, қыс келді  жағажайдың кескін келбетін дәл сол жерден кездестіре алмадық. 
Өкініштісі сынама жұмыстары жүргізілмей, басталмай жатып жоғалған жағажайдың жайына кінәні ойланбай сөйлеп от басқан қала әкімінен іздейміз бе, әлде ақпаратты суша сіміртіп жеткізетін орынбасарларынан ба? Десе де, айтылған сөздің салмағын жергілікті атқамінерлер ұғынса дейміз... 
 
 
 
АЙБАР