Екі сыныптас мал ұрлауды кәсіпке айналдырған
114
Түркістан облысына қарасты Арыс қаласында мал ұрлауды кәсіпке айналдырған екі сыныптас ұсталды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Облыстық Полиция департаментінің мәлімдемесіне сүйенсек екі жас жігіттің 11 ұрлыққа қатысы бары анықталған. Полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданғандығы белгілі болды. Жәбірленушінің айтуынша, ұры мал қорасына ұрлыққа түсіп, 2 бас қойды жымқырған. Келтірілген шығын көлемі — 100 мың теңге. Оның арызы сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, Қылмыстық кодекстің 188-1-бабы "Мал ұрлығы" бойынша қылмыстық іс қозғалған. Жедел-іздестіру шаралары барысында күдікті бір тәулікте қолға түскен. Ол жұмыссыз, бұрын сотты болған жас жігіт болып шықты.
Тергеу барысында күдікті өзінің сыныптасымен бірге 2022 жылдың желтоқсан айында тағы басқа да тұрғындардың малын ұрлағандарын мойындады. Осы бойынша бұрын сотталған екінші күдікті анықталды. Тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілер қамауға алынды — делінген ведомство мәліметінде.
Сыныптас екі жігіт жайылымда қараусыз жүрген малға көздері түсіп, тағы 7 бас сиыр мен 2 жылқыны ұрлаған. Олар бөтеннің малын көрші ауылға апарып, сатып жіберген.
Қазіргі таңда күдіктілердің 3,5 миллион теңге болатын мал ұрлығының 11 жайтына қатысы бар екені анықталған..