Қызылордалық ана 18 баланы асырап алды

971
Қызылорда қаласының тұрғыны  Ақмарал Малбағарова  он сегіз баланы  бауырына басып, тәрбиелеп, өсіруде – деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі. 

Ақмарал Малбағарова  бүгінде  жолдасымен   бірге, он сегіз баланы өзге ұлт деп өзекке теппей, өз балаларынан артық көрмесе, кем көрмей бір шаңырақ астында тәрбиелеп, көпке үлгі болып отыр.  Отанасының басты мақсаты ең алдымен отбасылық жылулықты сезіндіру арқылы, қазақ   салт-дәстүрін жастайынан балалардың бойына сіңіріп, асыл құндылықтарға баулып өсіру.
Осы тұста «Opennews.kz» ақпарат агенттігінің тілшілері қаламыздағы 18 баланы асырап отқан отбасының тыныс тіршілігімен танысып, патронатты ананың өзімен сұхбаттасып қайтты. 

Сәлеметсіз бе, қайырлы күн! Алдымен өзіңізді таныстырып жіберсеңіз?
-Сәлеметсіз есімім Малбағарова Ақмарал. 42 жастамын. Қазіргі таңда 18 баланың анасымын және өзім жеке  кәсіпкермін. 
Балаларды өз қамқорлығыңызға алуға не түрткі болды және бұл ойыңызға жолдасыңыз қалай қарады?
-Мен отбасыда жалғыз қызбын. Әкем өмірден озып, анам жастайынан жалғыз қалды. Жалпы балаларды асырап алуыма анамның жұмысы түрткі болды. Анам көп жылдар бойы балалар үйінде қызмет етті. Мен өзімнен кейін бауырларым болғанын қаладым. Әрине, бұл тұста жолдасым мені қолдап, өз келісімін берді. Содан кейін балаларды асырап алуға арнайы құжаттарды дайындай бастадым.
Асырап алуда өзіңіздің арнайы балаларға қояр талаптарыңыз барма?
-Мен балаларды асырап алу кезінде басқа патронатты аналар секілді көзбояушылық танытпаймын. Яғни, мен баланың бетіне қарап отырғанды жөн көрмеймін. Қыз баланы үй шаруашылығына (нан пісіру, тамақ жасау, үй жинау т.б) үйретемін. Өйткені ол болашақ жар, келін, ана болатын адам. Ал ер балаларға келетін болсақ. Олар көбіне әкелерінің жанында жүріп, сырттың жұмыстарын жасайды. Сонымен қатар үй шаруашылығына бейімдеп қана қоймай, жан-жақты етіп өсіруге тырысамын. Арнайы жарыстарға, түрлі үйірмелерге қатыстыру арқылы, баланың бойындағы талантын ашамын.
Бүгінде қанша баланың анасы атанып отырсыз және әр балаларыңыздың тарихын білесіз бе?
- Жалпы өзімнің баламмен қосқанда 18  баланың анасымын. Ең алғаш рет 2009 жылы Шамшия, Артем, Гүлсім есімді 3 балапандарымды  өз қамқорлығыма алдым. Гүлсім  мен Анар отбасын құрған. Үлкені - Шәмшия - 25 жаста, қаржы саласы бойынша оқу бітірген, бүгінде шаштараз ретінде еңбек етіп жүр. Одан кейінгі 21 жастағы  Артем оқуын бітіріп дәнекерлеуші кәсібінде қызмет етуде. Рамазан – 15 жаста, Қазанғап атындағы музыкалық коллдежде білім алуда. Одан кейінгі балалардың барлығы мектеп қабырғасында  білім алуда.  Атап айтқанда,  Анастасия - 10, Карина, Виктория, Ислам - 9, Никита мен Мөлдір - 7, Расул - 6, Павел мен Мұхамбет -4 сыныпта оқиды. Бүгінде Гүлсім қызымның 3 перзенті болса, ал Анарым жас ана атанып жатыр. Бұл мен үшін үлкен мәртебе. Сондай-ақ, бұрын патронаттық тәрибеде болған бір отбасының 4 баласы өздерінің бұрынғы шаңырағына қайта оралды. Қазір 4 балам туған ата-анасының қасында, әлі күнге дейін байланысымыз үзілмеген.




«Қиындықсыз жетістік жоқ» дегендей әр балаңыздың жеткен жетістіктерін айта кетсеңіз?
-Ия әрине менің балаларымның әрқайсысы сегіз қырлы, бір сырлы. Біреуі өлең айтып, би билесе, енді біреуі көркем  сөз оқып, сурет салады. Біз көбінесе Республикалық байқауларда бақ сынап, көптеген жүлделі орындар алдық. Карантинге дейін   менің  атымнан ашқан «Ақмарал» би ансамблі жұмыс жасап тұрды. Бұл ансамбльде 3 қызым бірдей өнер көрсетті. Рамазан ұлым өлең айтса, қыздарым артында би билеп өз өнерлерін көрсетіп жүрді. Алайда ансамбльдің жұмысы ұзаққа бармай карантин уақытында өз жұмысын тоқтатты. 




Қазіргі таңда жұртшылық түсінбей асыраушы ақысына бола бала бағады деседі. Алайда, сіз үкімет тарапынан қанша жәрдемақы аласыз?
-Әр балаға  26 мыңға жуық жәрдемақы алып отырмын. Кәмелетке толған балаларыма жәрдемақы берілмейді, тек мектеп жасындағы балаларыма аламын.  Бірақ жәрдемақының есеп-қисабымен үлкен балаларым айналысады. Балаларым ақылы үйірмелерге қатысады.
Мектеп қабырғасында білім алып жатқан балаларыңыздың сабақ үлгерімін  қаншалықты жиі тексересіз?
-Менің балаларымның сабақ үлгерімі өте жақсы. Балалардың барлығы қаладағы №212 мектеп - гимназиясында қазақ сыныбында  оқиды. Оқуда озат, сыныптастар арасында белсенді. Мектептегі қоғамдық жұмыстар мен түрлі іс-шараларға атсалысып, өздерін жан-жақты дамытып отырады. Ал мен мектептегі ұстаздарымен тығыз байланыс жасау арқылы, сабақ үлгерімдерін жіті бақылап отырамын.


Балаларды тәрбиелеу кезінде басты не нәрсеге назар аударасыз?
-Ең бірінші балаларымды бауырмалдылыққа, содан кейін мейірімділікке, адамгершілікке, шынайылыққа тәрбиелеймін. «Еңбек-ширатады, өмір үйретеді»  дегендей еңбек етуге үйрету арқылы  ақ пен қарасы бірге жүретін өмірге бейім етіп өсіруге тырысамын. 
«Қазақ баланы жастан» дегенді бекер айтпайтын шығар. «Алдыңғы арба қайда барса, соңғы арба сонда жүреді». Сондықтан алдыңғы ұл-қыздарды жақсылап тәрбиелесең, соңғылары соларға еліктеп, еріп кетеді - деп ойлайды көпбалалы ана Ақмарал Малбағарова.




 
Әке-шешелерінің қателіктерін бүгінде балалары  келешекте қайталамау үшін патронатты ана  барынша жақсы тәрбиелеп, түзу жолда жүрулеріне  күш салуда. Өмір болған соң жақсылығы мен жамандығы қатар жүрген заманда адам болып қалу, тұлға болып қалыптасу үшін әуелі ата-ананың қамқорлығы керек. Қиын заманның қайырымды жаны болған жерлесіміз өзгелерге үлгі татарлықтай ізгі амалдарды көрсеткендей-ақ. Өзге түгел, өз баласынан бас тартып жүрген без бүйрек аналарымызға сабақ болар деген ойдамыз. Ақмарал ханымның елеулі еңбегі еленіп, «Батыр Ана» атағы берілсе де жарасады.
 
 
журналист,
Динара БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Ғалия ЕРЖАНҚЫЗЫ