Ұлттық Банк пилоттық жобаға қатысушы қаржы ұйымдарының шоттарына цифрлық теңге эмиссиясын шығарды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Қазақстан Ұлттық Банкі Ұлттық төлем корпорациясымен бірлесіп, цифрлық теңгені енгізу жобасының бірінші кезеңінің алдын ала қорытындысы туралы мәлімдеме жасады.
Цифрлық теңге платформасы пилоттық режимде іске қосылды. Реттеуші пилоттық жобаға қатысушы банктердің цифрлық шоттарына цифрлық теңге эмиссиясын шығарды. 2023 жылғы 15 қарашада Қазақстан қаржыгерлерінің XI конгресінде цифрлық теңгедегі алғашқы бөлшек транзакция жүргізілді.
"Цифрлық теңге – ұлттық валютаның қосымша, үшінші формасы. Қолма-қол ақша сияқты цифрлық теңге де эмитенттеледі және Ұлттық Банктің міндеттемесіне жатады. Сонымен қатар, цифрлық теңге платформасының архитектурасы қаржы нарығының екі деңгейлі моделі негізінде құрылған. Түпкі тұтынушылар – жеке және заңды тұлғалармен байланыс бұрынғысынша, қаржы нарығына қатысушылар арқылы ғана жүргізіледі", – деп атап өтті ҚҰБ Төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов.
Алматы қаласы әкімдігімен бірлесіп, мемлекеттік төлемдерге цифрлық ваучер беру тетігі сынақтан өткізілді.
"Ұлттық валютаның жаңа формасы бірқатар бірегей қасиетке ие: бағдарламалану, халықаралық деңгейде төлем жасау, сонымен қатар смарт-келісімшарт орындау кезінде де технологиялық мүмкіндіктер ашу. Ал келешекте интернетсіз-ақ төлем жасауға мүмкіндік береді. Цифрлық теңге – ҚҰБ құратын цифрлық қаржы инфрақұрылымының негізгі компонентінің бірі", – деді ҚҰБ Төлем жүйелері департаментінің директоры Ерлан Ашықбеков.