Пошта арқылы сәлемдеме жеткізу тәртібі өзгереді
Мәжіліс "Пошта туралы" заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда қарады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Депутат Екатерина Смышляеваның сөзінше, тиісті заң жобасына мәжілісмендер бастамашылық еткен.
Заң жобасымен бірқатар өзгерістер енгізіледі:
Жеткізу тәртібі өзгереді. Цифрлық технологиялардың арқасында тиісті PIN-код немесе QR болған кезде үшінші тұлғалардың поштаны қабылдап алу мүмкіндігін береді. Сонымен қатар бұл тауарды маркетплейстерден пошта бөлімшесіне және үйге жеткізуді жеңілдетеді.
Жобада сәлемдемелерді қабылдау үшін поштаматтарды орналастыру және пайдалану тәртібі көзделеді. Бұл норма оларды кондоминиум нысандарында орналастыру үшін қажет.
Талап етілмеген кейбір әмбебап қызметтер алынып тасталады. Мысалы, пошта карталарын немесе бандерольдерді жіберу.
Талап етілмеген корреспонденцияны сақтау мерзімі қысқарады.
Пошта инфрақұрылымы бойынша ескірген нормалар алынып тасталады.
Екатерина Смышляева бірқатар нормалар пошта байланысы нарығын дамытуға және осы саладағы реттеушінің өкілеттіктерін нақтылауға бағытталғанын айтты.