Қызылордада күріштің бағасын заңсыз қымбаттатқан кәсіпкерлерге айыппұл салынды

164

Қызылорда облысында күріш бағасын заңсыз көтерген өндірушілер 67,9 млн теңге көлемінде айыппұл арқалады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі. 


Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті күріштің 6 ірі өндірушісі («Абзал и К» ТС, «Мағжан и К» ЖШС, «Жан-Арай» ЖШС, «Най-Мир» ЖШС, «Абай-Даулет» ЖШС және «Байдалиев К» ЖК) мен көтерме саудагерге қатысты тергеуді аяқтады .


Нақты айтсақ, кәсіпкерлер күріш бағасын белгілеп, ұстап тұрғандығы туралы бәсекелестікке қарсы келісілген іс-қимыл фактілері анықталды.


Тергеу қорытындысы бойынша күріш өндірушілер мен көтерме саудагерлеріне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалды.


Биыл маусымда сот жоғарыда аталған күріш өндірушілерді жалпы сомасы 67,9 млн теңге көлемінде әкімшілік жауапкершілікке тартты.


Сот шешімі заңды күшіне енді.


Айта кетейік, "Абзал и К" басшысы – Мағжан Ералиев. Биыл ол Қызылорда облысы мәслихатының депутаты болды. Ашық деректерге сәйкес, "Мағжан и К" ЖШС компаниясы да оған тиесілі.


"Жан-Арай" ЖШС басшысы – Қызылорда облысы грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының төрағасы Бақдәулет Махашов. Ералиевтен айырмашылығы, ол Amanat партиясының кандидаты болғанымен, депутаттыққа өте алмады.