ҚЫЗЫЛОРДАДА «САНАЛЫ ҰРПАҚ – ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ» АТТЫ КЕҢЕЙТІЛГЕН МӘЖІЛІС ӨТТІ
Бүгін Қызылорда облысының Қазалы ауданында жас ұрпаққа сапалы біліммен қатар тағылымды тәрбие беру мәселелерін кеңінен талқылауға арналған «Саналы ұрпақ – жарқын болашақ» атты кеңейтілген мәжіліс өтті.
Жиынның басты мақсаты – жастардың бойында ұлттық құндылықтарды дәріптеу, құқықтық мәдениетті қалыптастыру, рухани тәрбиені нығайту, қоғамдағы өзекті мәселелерді ортақ талқылап, өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына бағытталған жұмыстарды жүйелеу болды. Роза Бағланова атындағы аудандық мәдениет үйінде өткен маңызды басқосуға аудан прокуроры Мадияр Бекпанов, аудан жастарымен кездесуге арнайы келген қонақтар – Астана қаласындағы «Ырыскелді қажы» мешітінің бас имамы, дінтанушы, теолог Нұрлан Байжігітұлы Асанов, ақын, «Алтын домбыра» республикалық айтысының үш дүркін жеңімпазы, облыстық мәслихат депутаты, Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық-драма театрының директоры Мұхтар Ниязов, танымал ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Күміс қалам – 2025» байқауының жүлдегері Ақжол Түменбай, сондай-ақ құқық қорғау органдарының басшылары, зиялы қауым өкілдері, білім беру ұйымдарының жетекшілері, мекеме басшылары, ата-аналар комитеттерінің төрағалары, мектеп директорлары, ұстаздар, жастар ісі жөніндегі мамандар мен аудан жастары қатысты. Жиында аудан басшысы алдымен бүгінгі таңда өскелең ұрпаққа сапалы біліммен қатар саналы тәрбие беру мемлекет пен қоғам алдындағы ең маңызды міндеттердің бірі екенін атап өтті. Ол өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жастарды еңбекқорлыққа, білімге құштарлыққа, тәртіпке, заңға құрметпен қарауға, елжандылық пен жауапкершілікке тәрбиелеу жөніндегі ұстанымдарына тоқталып, бұл бағыттағы жұмыстардың жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқанын жеткізді. Сонымен бірге қазіргі қоғамда бала тәрбиесіне отбасы, мектеп, құқық қорғау органдары, мемлекеттік мекемелер мен жалпы қоғам болып бірлесе атсалысу қажеттігін ерекше атап өтті. ![]()
Сондай-ақ жаңа Конституция аясында қоғамда заң үстемдігін нығайту, құқықтық мәдениетті қалыптастыру, әділетті қоғам құру және жауапты азамат тәрбиелеу бағытында мемлекет тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға жан-жақты тоқталды. Әсіресе жастардың құқықтық сауатын арттыру, құқық бұзушылықтың алдын алу, нашақорлық, лудомания, кибербуллинг, интернет алаяқтығы, діни экстремизм мен деструктивті ағымдардың ықпалынан қорғау мәселелері күн тәртібінен түспейтін маңызды бағыттардың бірі екеніне назар аударды. Мәжіліс барысында арнайы шақырылған қонақтар жастар тәрбиесі, рухани құндылықтарды дәріптеу, ұлттық болмысты сақтау, діни сауаттылықты арттыру, отбасы институтын нығайту, құқықтық мәдениет пен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру төңірегінде мазмұнды ой-пікірлерімен бөлісті.
Белгілі теолог Нұрлан Асанов жастардың теріс діни ағымдардың ықпалынан сақ болуы үшін ең алдымен дұрыс діни білімнің маңызы зор екенін атап өтті. Ол отбасының тәрбиесі, ата-ананың үлгісі, ұлттық салт-дәстүр мен рухани құндылықтардың жас буынның тұлға болып қалыптасуындағы орнына кеңінен тоқталды. Сонымен қатар жастарды ақпараттық кеңістіктегі жалған діни үгіт-насихаттан сақ болуға шақырып, рухани иммунитет қалыптастырудың жолдары туралы нақты мысалдар келтірді. Айтыскер ақын Мұхтар Ниязов ұлттық тәрбие, отбасы құндылығы, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, ана тілінің мәртебесін көтеру және ұлттық өнердің жастар тәрбиесіндегі маңызы жайлы тағылымды ойларын ортаға салды. Ол ұлттық рух пен қазақы тәрбиені сақтауда отбасының жауапкершілігі ерекше екенін айтып, жас ұрпақты білім мен еңбекті қатар ұстануға, елдің дамуына үлес қосатын азамат болуға үндеді. ![]()
Ал ақын Ақжол Түменбай әдебиеттің адам руханиятын қалыптастырудағы орнына тоқталып, кітап оқудың, поэзия мен көркем шығармалардың жастардың дүниетанымын кеңейтіп, ұлттық сананы нығайтудағы рөлі туралы әсерлі пікірлерімен бөлісті. Ол жастарды шығармашылықпен айналысуға, қазақ әдебиеті мен мәдени мұрасына қызығушылық танытуға шақырды. Кеңейтілген мәжілісте аудан прокуроры Мадияр Бекпанов жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, құқықтық сауаттылықты арттыру және қоғамда «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтыру бағытында қабылданып жатқан шаралар туралы кеңінен баяндады. Сонымен қатар кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың заң талаптарын сақтау мәдениетін қалыптастыру, құқық бұзушылыққа мүлде төзбеушілік қағидатын орнықтыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Ол құқық қорғау органдары, білім беру ұйымдары мен ата-аналардың өзара тығыз байланыста жұмыс істеуі ғана оң нәтижеге жеткізетінін атап өтті.
Жиын барысында қатысушылар тарапынан жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, спорт пен шығармашылық үйірмелердің қолжетімділігін арттыру, патриоттық тәрбие жұмыстарын күшейту, волонтерлік қозғалысты дамыту, жастардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына жағдай жасау мәселелері де көтерілді. Пікір алмасу барысында білім беру ұйымдары мен мемлекеттік мекемелер арасындағы өзара ықпалдастықты күшейту, ата-аналардың тәрбиелік жауапкершілігін арттыру және жастармен жүргізілетін профилактикалық жұмыстардың мазмұнын жаңғырту жөнінде ұсыныстар айтылды. Жиын соңында көтерілген мәселелер бойынша еркін пікір алмасу өтіп, аудан жастары қонақтарға өздерін толғандырған сауалдарын қойды. Қатысушылар жас ұрпақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, құқықтық және рухани тәрбиесін күшейту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және заңға құрмет мәдениетін қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды алдағы уақытта да бірлесіп жалғастыру қажеттігін атап өтті.
Кеңейтілген мәжіліс қорытындысында өскелең ұрпақтың саналы, білімді, елжанды әрі жауапкершілігі жоғары азамат болып қалыптасуы – барша қоғамның ортақ міндеті екені тағы бір мәрте айқындалды.
Қаз
Рус






