ҚАРМАҚШЫДА ӘДІЛБЕК СЕРІКБАЕВТЫ ЕСКЕ АЛУҒА АРНАЛҒАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТУРНИРДІҢ АШЫЛУ САЛТАНАТЫ ӨТТІ

1 503

ҚАРМАҚШЫДА ӘДІЛБЕК СЕРІКБАЕВТЫ ЕСКЕ АЛУҒА АРНАЛҒАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТУРНИРДІҢ АШЫЛУ САЛТАНАТЫ ӨТТІ

Бүгін аудан әкімінің тапсырмасымен дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, самбо спортын дамытуға өлшеусіз үлес қосқан білікті бапкер Әділбек Үргенішбайұлы Серікбаевты еске алуға арналған 2009-2010 жылы туған жасөспірімдер арасындағы самбодан республикалық турнирдің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан бұл республикалық жарыстың басты мақсаты – жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын насихаттау, самбо спортын кеңінен дамыту, жас спортшылардың шеберлігін шыңдау және ел спортының дамуына үлес қосқан ардақты азаматтың жарқын есімін ұлықтау болып табылады.

Биыл алтыншы мәрте ұйымдастырылып отырған республикалық турнирге еліміздің әр өңірінен келген 200-ге жуық жас спортшы қатысып, өзара бақ сынауда. Атап айтқанда, жарысқа Қызылорда облысымен қатар Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан және еліміздің бірнеше облысынан келген спортшылар қатысып, самбо спортындағы шеберліктерін көрсетуде.

Салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары Диас Асылбекұлы, Қызылорда облысының самбо федерациясының президенті Алмат Әбдірахманұлы, спорт ардагерлері, жаттықтырушылар, спортшылар және Әділбек Үргенішбайұлының туған-туыстары қатысты.

Шара барысында аудан әкімінің орынбасары Диас Асылбекұлы сөз сөйлеп, турнирдің маңызына ерекше тоқталды.

– Аға буынның өнегелі жолын дәріптеуге бағытталған бұл турнир – Әділбек ағамызға деген құрметтің айқын көрінісі. Сонымен қатар, бұқаралық спортты дамытуға бағытталған маңызды бастама деп білеміз. Осындай жарыстар арқылы жастарымыз тәрбие мен тағылым алып, спортқа деген қызығушылығын арттырады. Әділбек Үргенішбайұлы өмірін спортқа арнап, талай шәкірт тәрбиелеген білікті бапкер болды. Сондықтан оның еңбегі ешқашан ұмытылмайды, – деді.

Сондай-ақ, ол 2021 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан турнирдің аудан спортын дамытудағы маңызы зор екенін айтып, барлық қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Бүгінгі жарыс қатысушыларына тек жеңіс емес, сонымен қатар үлкен тәжірибе береді деп сенеміз. Барша спортшыларға батылдық, күш-жігер және әділ бәсеке тілеймін, – деді аудан әкімінің орынбасары.

Салтанатты ашылу рәсімінде өнерпаздар патриоттық әндер орындап, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар, спортшылардың шеруі ұйымдастырылып, қатысушы командалар таныстырылды.

Жарыстың алғашқы белдесулері де басталып, жас спортшылар жоғары дайындық деңгейін көрсетті. Әр салмақ дәрежесі бойынша өткен тартысты кездесулер көрермендердің ерекше қызығушылығын тудырды. Жас самбошылардың шеберлігі мен жеңіске деген жігері көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.

Әділбек Серікбаев – самбо спортын дамыту жолында ұзақ жылдар табанды еңбек еткен, шәкірт тәрбиелеуде үлкен жетістіктерге жеткен тәжірибелі жаттықтырушы. Оның спорт саласындағы еңбегі мен адамгершілік қасиеті шәкірттері мен әріптестерінің жадында мәңгі сақталады.

Мұндай республикалық деңгейдегі жарыстар жастар арасында достық қарым-қатынасты нығайтып қана қоймай, олардың кәсіби тәжірибе алмасуына да үлкен мүмкіндік береді. Сонымен қатар, спорт арқылы өскелең ұрпақты тәртіпке, төзімділікке және отансүйгіштікке тәрбиелеудің маңызы зор.

Айта кету керек, бүгінде Қармақшы ауданында спорт саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Ауданда бұқаралық спортты дамыту, жастарды салауатты өмір салтына баулу және халықаралық деңгейде ел намысын қорғайтын спортшыларды тәрбиелеу бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда.

Осындай тағылымы мол жарыстар – жастардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, олардың болашақта үлкен жетістіктерге жетуіне жол ашады.

Екі күнге жоспарланған республикалық турнир 17 мамыр күні өз мәресіне жетіп, үздік спортшылар арнайы марапаттармен және дипломдармен марапатталатын болады.

Спорт – денсаулық кепілі, ал жеңіс – тынымсыз еңбек пен табандылықтың жемісі.

@Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі