ҚЫЗЫЛОРДА: КАБИНЕТІНДЕ БЕЙТАНЫС ӘЙЕЛМЕН АЙМАЛАСҚАН ДИРЕКТОР КІМ?

2 269

   Соңғы күндері Facebook әлеуметтік желісінде тараған бір бейнежазба қоғам назарын өзіне аударды. Видео кадрларында білім беру мекемелерінің бірінде басшы лауазымдағы азаматтың жұмыс орнында отырған әйелмен ашық түрде жақын қарым-қатынас жасап отырғаны көрінеді. Бұл жағдай желі қолданушылары арасында қызу талқыға түсті.

    Желіде тараған ақпараттарға сүйенсек, оқиға Қызылорда облысы, нақтырақ айтқанда Жаңақорған ауданы аумағындағы колледждердің бірінде болуы мүмкін деген болжам айтылуда. Алайда бұл мәлімет ресми түрде әлі расталған жоқ.

Қоғамда үлкен резонанс тудырғанына қарамастан, құзырлы органдар тарапынан әзірге ешқандай нақты жауап берілген жоқ. Әсіресе, Қызылорда облыстық білім басқармасы тарапынан үнсіздік сақталуы жұртшылықтың наразылығын күшейтуде. Мемлекеттік орган үшін мұндай жағдайда жедел әрі нақты түсініктеме беру – міндет.

Басқарманың үнсіздігін түрлі себептермен байланыстырып жатқандар да бар. Кейбір желі қолданушылары басқарманың баспасөз қызметі әлсірегенін, тіпті жауапты маманның болмауы мүмкін екенін алға тартады.  

Мәселенің мән-жайын сұрамақ болып, Жаңақорған ауданы әкімдігіне хабарластық. Алайда олар оқиға орын алған мекеме аудандық білім бөліміне қарамайтынын, тікелей Қызылорда облыстық білім басқармасына қарайтынын жеткізді. Ал облыстық білімі басқармасымен байланысу мүмкін болмады. 

Ең басты сұрақ – басқарма басшысы Асқарбек Есжанов неге үнсіз? Қоғам талқылап жатқан мәселенің анық-қанығын айтып, рас-өтірігін ажыратып беретін негізгі тұлға дәл өзі емес пе? Мұндай жағдайда үнсіз қалу – мәселені ушықтыра түспесе, шешпейтіні анық.