Жалағаштық «Ұлағатты аналар» ансамблі республикалық байқауда бас жүлде жеңіп алды
Алматы қаласында өткен «Өнерлі елдің өресі биік» атты республикалық ата-апалар өнер байқауында Жалағаш ауданының атынан қатысқан «Ұлағатты аналар» ансамблі зор жетістікке қол жеткізді. Байқауға еліміздің барлық өңірінен өнерлі аналар мен ата-апалар ұжымдары қатысты, олардың әрқайсысы ұлттық өнерді дәріптеу мен дәстүрлі мәдени құндылықтарды ұрпаққа жеткізуге үлес қосты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Республикалық деңгейдегі байқауда «Хормен ән салу», «Бата беру», «Сән көрсету» номинациялары бойынша өнер көрсеткен жалағаштық аналар жоғары орындаушылық шеберлігімен ерекшеленіп, қазылар алқасының ерекше бағасына ие болды. Әрбір композиция ұлттық мәдениетіміздің көркемдік ерекшеліктерін жеткізіп, өнер сүйер қауымды тәнті етті. Бұл – ансамбль мүшелерінің ұзақ жылғы еңбегі мен шығармашылық талпынысының нәтижесі.
«Ұлағатты аналар» ансамблі облысымыздың намысын абыроймен қорғап қана қоймай, ұлттық өнерді насихаттау, рухани-адамгершілік құндылықтарды дәріптеу жолында да ауқымды еңбек атқарып келеді. Байқаудағы жеңіс ансамбльдің кәсіби деңгейін көрсетіп, олардың шығармашылық белсенділігін одан әрі ынталандыруға септігін тигізеді.
Айта кетейік, жеңімпаздар 2026 жылғы 3 мамырда Республика сарайында өтетін гала-концертке арнайы шақырту алды. Бұл шақырту – ансамбльдің республикалық деңгейде мойындалғанын, сондай-ақ олардың шығармашылық әлеуетінің жоғары екенін дәлелдейтін маңызды көрсеткіш болып табылады.
Жалағаш ауданының әкімдігі мен жергілікті қоғам өкілдері «Ұлағатты аналар» ансамблінің жеңісін шын жүректен құттықтап, оларға шығармашылық табыс, зор денсаулық, жаңа өнер жетістіктерін және ұлттық мәдениетімізді одан әрі дәріптеу жолында сәттілік тілейді. Аудандағы аналар кеңесінің жұмысы мен ансамбльдің жетістіктері жас ұрпаққа үлгі болып, халықтың рухани дамуына елеулі үлес қосуда.
Бұл жеңіс – Жалағаш ауданының мәдени өміріндегі маңызды оқиға, ол ауданымыздың өнер мен дәстүрді дәріптеу, ұлттық мәдени мұраны сақтау бағытындағы тұрақты жетістіктерінің айқын көрінісі болып отыр.







