Қызылордада Қорқыт мұрасына арналған халықаралық конференция өтті
Бүгін Қызылорда қаласында «Қорқыт және Ұлы дала сазы» халықаралық фольклорлық-музыкалық өнер фестивалі аясында «Қорқыт мұрасы: Түркі әлеміне ортақ эпикалық құндылықтар» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті. Алқалы жиынға Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысып, шараның маңыздылығына тоқталды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Конференция жұмысына Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова, сондай-ақ Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінен және Қазақстаннан келген көрнекті ғалымдар, зерттеушілер, этномузыкатанушылар мен мәдениет қайраткерлері қатысты.
Аймақ басшысы өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бекіткен «Түркі әлемінің келешегі – 2040» құжаты аясында ортақ түркі құндылықтарын дәріптеудің маңызына тоқталды.
Конференция барысында қатысушылар Қорқыт атаның түркі халықтарының рухани әлеміндегі орны, оның эпикалық мұрасының мәні мен маңызын жан-жақты талқылады. Қорқыт – түп тамыры бір түркі жұртына ортақ рухани тұлға, ел бірлігі мен мәңгілік өмір идеясының символы ретінде бағаланды.
Халықаралық пікірлер мен ұсыныстар
Конференцияда келесі беделді мамандар баяндама жасап, ой-пікірлерін ортаға салды:
- Ақтоты Райымқұлова – «Түркі мәдениеті және мұрасы» қорының президенті;
- Хикмет Кулиев – Әзербайжан Ұлттық ғылым академиясы фольклор институтының директоры;
- Анарбай Бұлдыбай – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, филология ғылымдарының кандидаты;
- Жылдыз Орозобекова – Қырғыз Республикасы ҰҒА Ш.Айтматов атындағы Тіл және әдебиет институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы;
- Мехмет Чевик – Қажы Байрам Вели атындағы Анкара университетінің профессоры;
- Фикрет Каракая – Түркияның белгілі этномузыкатанушысы, ғалым;
- Жоппор Эшонқұлов – Өзбекстан ҰҒА Ә.Науаи атындағы Мемлекеттік әдебиет музейінің директоры, филология ғылымдарының докторы;
- Алмас Алматов – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жырау, ұстаз;
- Рақыш Жұмашай – филология ғылымдарының кандидаты;
- Ұлжан Байбосынова – Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының доценті.
Қорқыт мұрасын сақтау мен насихаттау жұмыстары жалғасуда
Айта кетейік, 2018 жылы Қорқыт ата мұрасы ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізілген болатын. Қазіргі таңда Қорқыт рухына тағзым ету, оның мұрасын сақтау және кеңінен насихаттау бағытында ауқымды шаралар жүзеге асырылып келеді.
Қармақшы ауданындағы Қорқыт ата мемориалы – еліміздің басты рухани-туристік нысандарының бірі. Кешенде келушілер үшін барлық жағдай жасалған.
Қызылорда қаласындағы «Қорқыт ата кітабының 1300 жылдығына» арналған аллея жаңғыртылып, тұрғындардың демалыс орнына айналды.
Қорқыт ата халықаралық әуежайының жаңа терминалы пайдалануға берілді.
Сонымен қатар, Ұлттық музей, ТҮРКСОЙ және Түркияның Мәдениет және туризм министрлігімен бірлесіп ортағасырлық тарихи-мәдени мұраларды халықаралық деңгейде таныту бағытында түрлі шаралар өткізілуде. Археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған жәдігерлер негізінде:
- «Шірік Рабат сақ жауынгері»,
- «Сығанақ ханшайымы»,
- «Түгіскен көсемі»,
- «Жетіасар ақсүйек әйелі» сынды мүсіндік реконструкциялар жасалып, ғылыми айналымға енгізілді.
Бұл конференция түркі дүниесінің рухани тұтастығын арттырып, Қорқыт ата мұрасын жаһандық деңгейде дәріптеуге бағытталған маңызды ғылыми-мәдени басқосу ретінде жоғары бағаланды.