ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ СЫР ӨНЕРПАЗДАРЫ ПАРИЖ ТӨРІНДЕ ӨНЕР КӨРСЕТТІ

1 516

Қазақстанның Франциядағы елшілігі мен Қызылорда облысы әкімдігінің, сондай-ақ “Sumbe” компаниясының қолдауымен Франция астанасы Париж қаласында Қызылорда облыстық филармониясының ауқымды концерті өтті. 

Ұлттық өнер мен руханиятты дәріптеген мәдени кеш Париждегі ең танымал дипломатиялық әрі тарихи орындардың бірі – Cercle de l’Union Interalliée ғимаратында ұйымдастырылды. Бұл мәдени шара Еуропадағы отандастар мен қандастардың басқосуымен тұспа-тұс өтіп, ұлттық өнер арқылы ел бірлігін нығайтуға, қазақ мәдениетін халықаралық деңгейде кеңінен насихаттауға бағытталды. Сонымен қатар концерт қазақ халқының бай рухани мұрасын әлем жұртшылығына таныстыруға арналған маңызды мәдени бастамаға айналды. Париж төрінде өткен концертке Франциядағы шетелдік елшіліктердің басшылары мен дипломатиялық корпус өкілдері, халықаралық ұйым қызметкерлері, мәдениет қайраткерлері, Еуропаның түрлі елдерінде тұрып жатқан қандастар, студент жастар және Париж қаласының тұрғындары қатысты. Көрермендер қазақ халқының ұлттық музыкасы мен дәстүрлі өнерін ерекше ықыласпен қабылдады.

Мәдени кештің басты ерекшелігі – Сыр өңірінен арнайы барған шығармашылық ұжымның қазақ халқының төл өнерін жоғары деңгейде таныстыруы болды. Өнерпаздар көрерменге дәстүрлі музыка, күй өнері, халық әндері мен ұлттық би өнерінің үздік үлгілерін ұсынды. Концерттің шымылдығы қазақтың ұлы күйші-композиторы Құрманғазының әйгілі «Балбырауын» күйімен ашылды. Домбырадан төгілген әуен көрермендерді қазақ даласының кеңдігі мен рухани әлеміне жетелеп, кештің мазмұнын айқындай түсті. Күйдің орындалуы шетелдік қонақтардың ерекше қызығушылығын тудырып, концертке келген жұртшылық қазақтың күй өнеріне жоғары бағасын берді. Кеш барысында Қорқыт мұрасы, халық әндері мен ұлы ақын Абай Құнанбайұлының шығармалары орындалды. Сахна төрінде шырқалған туындылар арқылы қазақ халқының терең тарихы, ұлттық болмысы мен рухани құндылықтары кеңінен насихатталды.

Концерттік бағдарламада Сыр өңірінің өнерпаздары ұлттық өнердің түрлі жанрларын үйлестіріп, көрермендерге ерекше рухани әсер сыйлады. Домбыра, қобыз және халық әндерінің үйлесімі кештің көркемдік деңгейін арттыра түсті. Гастрольдік сапарға Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев бастаған Сыр мәдениеті мен өнерінің насихатшылары қатысты. Делегация құрамында облыстық филармонияның өнер ұжымдары, дәстүрлі орындаушылар, музыканттар мен әртістер болды. Концерт барысында халық аспаптар ансамблі өнер көрсетті. Ансамбльдің көркемдік жетекшісі – Нұрғиса Нұрбай. Ұлттық аспаптардан төгілген әуен көрермендерді ерекше әсерге бөлеп, қазақ музыкасының терең мазмұнын айқын көрсетті. Сонымен қатар сахна төрінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Мүсілім Әмзе домбырамен күй орындап, өзінің жоғары шеберлігін паш етті. Күйші Болат Күзембаев та ұлттық өнердің көркем үлгілерін ұсынып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Кеште дәстүрлі ән өнерінің өкілдері, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары Бисенбек Төлеубаев пен Жәнібек Жақсан өнер көрсетті. Олар орындаған халық әндері мен термелер көрермендерге қазақтың дәстүрлі өнерінің байлығын кеңінен танытты. Сондай-ақ Қызылорда облыстық филармониясының солистері – халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттары Гаухар Бисекенова, Индира Баимбетова, Жалын Жүсіпов, Олжас Нұралиев, Назым Тілеулесова, Әлішер Шөжен және Арайлым Маханбетжанова өнер көрсетіп, өздерінің вокалдық шеберліктерімен көпшіліктің жоғары бағасына ие болды. Кештің сәнін келтірген шығармашылық ұжымдардың бірі – «Ai-Aru» заманауи би ансамблі болды. Би ұжымы ұлттық және заманауи хореография элементтерін үйлестірген ерекше қойылымдарын ұсынып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Би ансамблінің сахналық мәдениеті мен орындаушылық шеберлігі кештің көркемдік мазмұнын байыта түсті. Ғасырлар тарихын бойына сіңірген, Эйфель мұнарасы асқақтаған, Сена өзенінің жағасында мәдениеттер тоғысқан Париж қаласының тұрғындары мен қонақтары қазақтың ұлттық қолөнер бұйымдарымен де танысуға мүмкіндік алды. Шара аясында арнайы ұйымдастырылған көрмеде ұлттық нақыштағы туындылар, қолөнер шеберлерінің бұйымдары мен қазақ мәдениетін бейнелейтін жәдігерлер көпшілік назарына ұсынылды. Концерт барысында көрермендер ұлттық музыкамен қатар әлемдік классикалық шығармаларды да тыңдады. Бұл қазақ өнерінің әлемдік мәдениетпен үндесе алатынын тағы бір мәрте көрсетті. Сыр бойының төлтума өнерін жоғары деңгейде насихаттаған өнер иелері көрермендердің зор құрметі мен қошеметіне ие болды. Концерт соңында қонақтар ұзақ уақыт қол соғып, қазақ өнеріне жоғары бағаларын берді. Көпшілік ұлттық музыка мен дәстүрлі өнердің ерекше әсер қалдырғанын атап өтті.

Еуропадағы қандастар үшін бұл кеш туған елмен рухани байланыс орнатқан ерекше мәдени оқиға болды. Олар қазақ өнерін Париж төрінде көру үлкен мақтаныш екенін айтып, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.

– Осындай концерттер шетелде жүрген қандастар үшін ерекше рухани демеу. Қазақтың ұлттық өнері әлем сахнасында лайықты деңгейде таныстырылып жатқаны қуантады, – деді кеш қонақтарының бірі. Мәдени кештің режиссері – «Ерен еңбегі үшін» медалінің және «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Азиза Іздіқұлова. Оның режиссерлік шешімі арқылы концерт бағдарламасы жоғары деңгейде ұйымдастырылып, ұлттық өнердің мазмұны терең әрі әсерлі түрде көрерменге ұсынылды. Мәдениет мамандарының пікірінше, мұндай халықаралық гастрольдік сапарлар қазақ өнерін әлемге танытып қана қоймай, мәдени дипломатияны дамытуға және мемлекеттер арасындағы рухани байланысты нығайтуға үлкен үлес қосады. Париж төрінде өткен бұл концерт Сыр өңірі өнерпаздарының шығармашылық әлеуетін халықаралық деңгейде тағы бір мәрте дәлелдеп, қазақ халқының бай мәдени мұрасы әлемдік өнер кеңістігінде ерекше орын алатынын көрсетті.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі.