ШИЕЛІ АУДАНЫ ИІРКӨЛ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНЕ ЖАҢА ӘКІМ САЙЛАНДЫ
ШИЕЛІ АУДАНЫ ИІРКӨЛ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНЕ ЖАҢА ӘКІМ САЙЛАНДЫ
2026 жылғы 17 мамыр күні Қазақстан Республикасының «Сайлау туралы» Конституциялық заңына сәйкес Шиелі ауданының Иіркөл ауылдық округі әкімін сайлау рәсімі өткізілді. Демократиялық қағидаттарға сай ұйымдастырылған сайлау барысы заң талаптарына толық сәйкес өтіп, ауыл тұрғындарының белсенді қатысуымен ерекшеленді.
Дауыс беру қорытындысына сәйкес Ниязов Қанағат Ербайұлы Шиелі ауданы Иіркөл ауылдық округінің әкімі болып сайланды. Сайлау нәтижесі жарияланғаннан кейін жергілікті тұрғындар мен қоғамдық өкілдер жаңа әкімге сенім білдіріп, ауылдың дамуына бағытталған жұмыстардың жалғасатынына үміт артты.
Осыған орай аудан әкімі Айтбай Жандарбеков, аудандық мәслихат төрағасы Мұрат Тұрабаев Иіркөл ауылдық округіне арнайы барып, жаңадан сайланған ауыл әкімі Қанағат Ниязовты құттықтады. Кездесу барысында аудан басшылығы ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуы, инфрақұрылымдық жобалар және алдағы жоспарлар бойынша пікір алмасты.
Аудан әкімі жаңа әкімге сәттілік тілеп, ауыл тұрғындарының сенімін ақтау – үлкен жауапкершілік екенін атап өтті.![]()
– Әкім болу – тек лауазым емес, бұл ең алдымен халыққа қызмет ету. Иіркөл ауылдық округінің дамуы үшін жүйелі жұмыс жүргізу, тұрғындардың ұсыныстарын тыңдау және нақты нәтижеге бағытталған шешімдер қабылдау маңызды. Сізге осы жауапты қызметте табыс тілеймін, – деді Айтбай Жандарбеков.
Жаңадан сайланған әкім Қанағат Ербайұлы ауыл тұрғындарының сенімін ақтау үшін бар күш-жігерін салатынын айтып, Иіркөл ауылдық округін дамыту бағытындағы жұмыстарды жалғастыратынын жеткізді.
Ниязов Қанағат Ербайұлы 1977 жылғы 7 желтоқсанда Қызылорда облысы, Шиелі ауданында дүниеге келген. Ол еңбек жолын мемлекеттік қызмет саласынан бастап, ұзақ жылдар бойы кеден және мемлекеттік кірістер органдарында түрлі жауапты қызметтер атқарған тәжірибелі маман.
1999 жылы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдап, заңгер біліктілігін алған. Жоғары білім алғаннан кейін мемлекеттік қызметке бет бұрып, кәсіби мансабын кеден саласынан бастаған.
2002 жылы Қызылорда облысы бойынша кеден органдарында инспектор қызметіне қабылданып, кедендік бақылау, кедендік ресімдеу, контрабандаға қарсы күрес және өткізу рәсімдерін мониторингтеу бағыттарында жауапты міндеттер атқарды.
Кейінгі жылдары оның кәсіби біліктілігі мен тәжірибесі ескеріліп, түрлі деңгейдегі басшылық қызметтерге тағайындалды. 2009–2010 жылдары ҚР Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінде Астана қаласында қызмет етті.
Одан кейін Оңтүстік Қазақстан және Түркістан облыстары бойынша Мемлекеттік кірістер органдарында бөлім басшысы, кеден бекеті басшысының орынбасары, бас маман лауазымдарында еңбек етіп, кеден ісі және мемлекеттік әкімшілендіру саласында мол тәжірибе жинақтады.
20 жылдан астам уақыт ішінде ол кедендік бақылау жүйесін жетілдіру, құқық бұзушылықтардың алдын алу, мемлекеттік кірістерді арттыру және әкімшілік процестерді цифрландыру бағытында жұмыс атқарған білікті маман ретінде танылды.
Отбасылы, ұрпақ тәрбиесіне мән беретін азамат ретінде де ауыл тұрғындары арасында құрметке ие.
Кездесу барысында аудан басшылығы Иіркөл ауылдық округінде жүзеге асырылып жатқан жобаларға да тоқталды.
Соңғы жылдары ауылда газдандыру, жол инфрақұрылымын жаңарту, жарықтандыру, интернет сапасын жақсарту және әлеуметтік нысандарды дамыту бағытында бірқатар жұмыстар атқарылған.
Атап айтқанда, Жансейіт елді мекенінде газ құбыры толық тартылып, тұрғындар көгілдір отынға қосылған болатын. Сонымен қатар Ы.Жақаев ауылында бірқатар көшелерге асфальт төселіп, ауылішілік жолдар жаңартылды.
Көшелерді жарықтандыру жұмыстары да кезең-кезеңімен жүзеге асып, жаңа электр желілері мен шамдар орнатылды. Бұл ауыл тұрғындарының қауіпсіздігі мен жайлы өмір сүруіне оң әсер етті.
Сонымен бірге ауылда «Береке» спорт кешені ашылып, жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасалды. Интернет желісін жаңғырту мақсатында оптикалық талшықты байланыс жүйесі енгізіліп, байланыс сапасы жақсарды.
Аудандық мәслихат төрағасы Мұрат Тұрабаев ауылдың даму қарқыны соңғы жылдары айтарлықтай артқанын атап өтіп, бұл бағыттағы жұмыстар жаңа әкімнің басшылығымен жалғасатынына сенім білдірді.
Жиын соңында тараптар ауылды одан әрі дамыту, тұрғындардың өмір сапасын арттыру, әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіру және ауыл шаруашылығын қолдау бағытында бірлесіп жұмыс істеуге уағдаласты.
Жаңадан сайланған әкімге жүктелген міндеттердің бірі – ауыл тұрғындарымен тұрақты кері байланыс орнату, олардың ұсыныстарын жедел шешу және мемлекеттік бағдарламаларды тиімді жүзеге асыру болып отыр.
Иіркөл ауылдық округінде өткен бұл сайлау – жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің нығаюының және халықтың басқару ісіне тікелей қатысуының нақты көрінісі ретінде бағаланды.
Ауыл тұрғындары жаңа әкімнен ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуын одан әрі жандандыруды, инфрақұрылымды жаңғыртуды және жастарға қолдау көрсетуді күтетіндерін білдірді.
Алдағы уақытта Иіркөл ауылдық округінде қолға алынған жобалар жалғасып, ауылдың дамуына жаңа серпін беретін маңызды бастамалар жүзеге асырылмақ.







