Қызылордада аяусыз соққыға жығылған оқушының анасы әділдік талап етуде

2 793

Фото: Анасы Р.Ш-ның әлеуметтік желісінен алынған.  Қызылордада мектеп оқушысына жасалған қатыгездік қоғамды дүр сілкіндірді. Ауыр соққыға жығылған 16 жастағы жасөспірімге ота жасалып, бір айдан астам уақыттан бері түтікше арқылы ғана арнайы тағаммен қоректенуге мәжбүр, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі анасының Критика Кызылорда парақшасында жарияланған жазбасына сілтеме беріп.

 Жазбада айтылғандай, оқиға 2026 жылдың 28 қаңтарында, сағат 18:30 шамасында қаланың Шанхай шағын ауданында орналасқан, Жамбыл атындағы №120 мектеп маңында болған. Жәбірленушінің анасы Р.Ш-ның жазуынша, оның ұлы Е.Е-ге осы мектептің 9-сынып оқушылары – Б және И есімді екі жасөспірім жабылып, аяусыз соққыға жыққан. Салдарынан жасөспірім ауыр жарақат алған. Анасының айтуынша, баланың миы шайқалып, бет сүйектері мен тістері сынған. Дәрігерлер баланың жағдайының ауырлығына байланысты толық наркозбен ота жасауға мәжбүр болған. Қазіргі уақытта ол бір айдан астам уақыттан бері түтікше арқылы ғана тамақ ішіп отыр. Жәбірленушінің анасы бұл жағдай бойынша құқық қорғау органдарына арыз жазғанын жеткізген. Алайда оның мәліметінше, іс әлі күнге дейін толыққанды қаралмай жатыр.

Тергеушіге бірнеше рет хабарластым, бірақ жауап жоқ. Ақсай тергеу бөлімінің орынбасарына да жаздым. Нақты жауап ала алмадым, телефон көтеруі қиын, – деп жазған анасы.

 Толық ақпарат ала алмаған соң, анасы қалалық полиция басқармасына барып, істі бақылауға алуды сұраған. Бірақ, бұл әрекеттен де нәтиже шықпаған. Жәбірленуші тарап мектеп әкімшілігіне де жүгінген.

 Мектеп директорына барып, ата-аналармен жұмыс жүргізуін сұрадым. Бірақ әдеттегідей ешқандай нәтиже жоқ, – деп жазған.

 Сонымен қатар, анасы баласын соққыға жыққан оқушылардың ата-аналарынан емдеу шығындарын өтеуді сұраған. Алайда олардың әрекеті анасы үшін күтпеген жағдай болған.

 Олар балаларына жеке, ақылы қорғаушы жалдағандарын айтты. Сонда олар баласын кімнен қорғап отыр? Керісінше біз қоғамдағы сондай бұзақы балалардан қорғануымыз керек емес пе? – деп жазған жәбірленушінің анасы.

 Қазіргі уақытта жарақат алған жасөспірім үйінде ем қабылдап жатыр. Анасының жазбасына сүйенсек, ем-дом мен арнайы тағамдарға қомақты қаражат кеткен. Жәбірленушінің анасы бұл істің Қылмыстық кодекстің 107-бабы, денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру ретінде қаралуымен келіспейді. Ол баласының бір жылдық емдеу шығындарын толық өтеп беруді және кінәлілерге қатаң шара қолдануды талап етеді.

Мен жалғыз басты анамын. Қазір баламмен үйде отырмын. Басқа балаларымды кім асырайды? – деп ашынып жазған анасы, алдағы уақытта оң нәтижеге үмітті.

Бұл іс бойынша біз аталған мектептің басшылығына да ресми сауал жолдаған едік. Алайда мектеп әкімшілігі нақты жауап беруден гөрі, қысқа ғана мәлімдемемен шектелді.

 Қазіргі уақытта құзырлы органдар тиісті жұмыстарды жүргізіп жатыр. Тергеу-тексеру шаралары жүріп жатқандықтан, әзірге толық ақпарат бере алмаймын, – деп жауап берді мектеп басшылығы.

 Бірақ қоғамды толғандырған басты сұрақ сол күйі жауапсыз қалды. Оқиғаға бір айдан астам уақыт өтті. Ал ауыр соққыға жығылған жасөспірім әлі күнге дейін толық қалпына келмей, ем қабылдап жатыр. Осындай жағдайда бір айдан бері аяқталмай жатқан қандай тергеу? Әдетте мұндай оқиғалар бойынша қылмыстық іс қозғалып, кінәлілер анықталып, тиісті шаралар қабылдануы тиіс. Қазақстанның әр өңірінде мектептегі күш көрсету фактілері бойынша тергеу басталып, кінәлі тараптардың жауапкершілігі қаралатыны туралы хабарламалар жиі жарияланады.Фото: Анасы Р.Ш-ның әлеуметтік желісінен алынған 

 Ал бұл жағдайда нақты жауаптан гөрі, «тергеу жүріп жатыр» деген жалпылама сөз ғана айтылып отыр. Бір ай өтсе де нәтиже жоқ. Бір ай өтсе де түсініктеме жоқ. Бір ай өтсе де жауапты тұлғалардың үнсіздігі бұзылар емес. Осылай келе заңды сұрақ туындайды: Бұл іс шынымен тергеліп жатыр ма, әлде уақыт созылып, мәселе жылы жабылмақ па? Қоғамды алаңдатқан оқиға бойынша нақты жауап пен ашық ақпарат берілмейінше, бұл сұрақтардың көбейе беретіні анық. Ең басты сұрақ – ауыр соққыдан жақ сүйектері сынып, операция жасалып, бір айдан бері түтікше арқылы тамақ ішіп жатқан жасөспірімнің жағдайына жауапты органдар неге үнсіз? Қоғамды алаңдатқан мұндай оқиғаға полиция да, білім бөлімінің жауапты тұлғалары да дер кезінде нақты түсініктеме бермесе, онда қауіпсіздік мәселесі қалай шешілмек? Кәмелетке толмаған баланың тағдыры таразыға түскен бұл жағдайда құзырлы мекемелердің үнсіз қалуы қоғамның заң мен әділетке деген сеніміне үлкен күмән тудырып отыр.