Қызылордалық азаматты шымкенттік үш жігіт бопсалаған

2 715

Қызылордалық азаматты бопсалаған Шымкент қаласының үш тұрғыны ұсталды , - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

2 желтоқсан күні Қызылорда қалалық полиция басқармасына 21 жастағы азамат хабарласып, бейтаныс азаматтар ұрып соғып, өзін масқаралайтын мәліметтерді (бейнежазба мен суреттерін) жария етемін деп қорқытып, ақша талап еткендігін айтқан.


Жәбірленуші азамат талап етілген 250 мың теңге ақшаны несие арқылы рәсімдеп, күдіктілерге берген. Кейін олар ақшаны өз пайдаларына жаратқандығы белгілі болды. Күдіктілердің іс-әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылық белгілерінің болуына байланысты басқарманың криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел іздестіру жұмыстарын жүргізді.

Нәтижесінде ақша бопсалады деген күдікпен Шымкент қаласының 18 және 21 жастағы үш тұрғыны ұсталды. Қазіргі таңда ҚР ҚК-нің 194-бабы 2-бөлігінің 2- тармағымен (Қорқытып алу, адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен) сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізіліп жатыр. Күдіктілер басқарманың уақытша ұстау изоляторына қамалды.