Қызылордада құрғақ шөп өртеніп ғимараттарға қауіп төндірді
Қызылорда қаласындағы Саяхат шағынауданында канал бойында құрғақ шөп өртеніп, жақын маңдағы тұрғын үйлер мен ғимараттарға қауіп төнді,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенгттігі Egemen.kz сайтына сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, Қызылордада шыққан өрт кезінде өрт сөндірушілер оқиға орнына келгенде құрғақ шөп, ағаштар мен қалың өсімдіктер өртеніп, жалынның тұрғын үйлер мен әкімшілік ғимараттарға таралу қаупі болған. Өртті тез әрі тиімді сөндіру үшін канал бойындағы ошақтарға арнайы қайықтар тартылып, тілсіз жау қысқа мерзімде ауыздықталды. Өрт сөндіру шараларына төтенше жағдайлар қызметінің барлық қажетті техникасы мен мамандары жұмылдырылған.
Құзырлы органдар жүргізген тексеру барысында өрттің шығуына кінәлі тұлға анықталды. Оған қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 336-бабы бойынша хаттама толтырылып, заң шеңберінде шара қолданылды. Төтенше жағдайлар министрлігі тұрғындарды өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Атап айтқанда, құрғақ шөпті немесе даладағы қоқысты өртемеу, ашық от көздерін қараусыз қалдырмау, сондай-ақ өрттің алдын алу үшін қажет болған жағдайда жергілікті өрт сөндіру қызметіне дереу хабарлау маңызды. Министрлік өрт қауіпсіздігі бойынша тұрғындарға арналған ережелерді тағы бір рет еске салып, жазғы кезеңде ауа райының ыстық және желді болуына байланысты қауіптіліктің артуы мүмкін екенін ескертті .







