ҚЫЗЫЛОРДАДА СУ ҮНЕМДЕУ – ЕГІСТІҢ БАСТЫ ТАЛАБЫ АТТЫ МӘЖІЛІС ӨТТІ
ҚЫЗЫЛОРДАДА СУ ҮНЕМДЕУ – ЕГІСТІҢ БАСТЫ ТАЛАБЫ АТТЫ МӘЖІЛІС ӨТТІ
Бүгін қала әкімінің орынбасары Дархан Тұрсынбаевтың төрағалығымен мәжіліс өтіп, онда биылғы вегетациялық кезеңге дайындық барысы және су жеткізіп беру қызметінің тарифіне байланысты өзекті мәселелер кеңінен талқыланды. Жиынға «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясының, «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалының басшылары, кенттер мен ауылдық округ әкімдері, сондай-ақ егін шаруашылығы құрылымдарының өкілдері қатысты.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселе – су ресурстарын тиімді пайдалану және вегетациялық кезеңде егісті сумен тұрақты қамтамасыз ету болды. Жиында биылғы су тапшылығы қаупі сақталып отырғаны атап өтіліп, су үнемдеу технологияларын енгізу мен агротехникалық талаптарды қатаң сақтау қажеттігі айтылды.
Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары вегетациялық кезең өте күрделі өтуде. Климаттық өзгерістер мен трансшекаралық су көздеріндегі су көлемінің азаюы егін шаруашылығына тікелей әсер етуде. Осыған байланысты биыл да су тапшылығының қаупі бар екені нақты айтылып, жағдай жан-жақты талқыланды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы жыл сайынғы Жолдауларында аграрлық секторды дамыту мен су
ресурстарын тиімді басқару мәселесіне ерекше назар аударып келеді. Бұл бағыт – ел экономикасы үшін стратегиялық маңызы бар сала. Сондықтан су тапшылығы жағдайында әр тамшы суды ұтымды пайдалану – басты міндет, – деді Дархан Есалыұлы.
Айта кету керек, биылғы көктемгі егіс науқаны аясында қала бойынша 8 227 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарланған. Оның ішінде 3 200 гектар алқапқа күріш дақылы егілуде. Қазіргі таңда күріш тұқымының 47 пайызы суға бастырылып, өсу кезеңі бақылауға алынған. Сонымен қатар бидай, арпа және жаңа жоңышқа дақылдары агротехникалық мерзімге сәйкес уақытылы орналастырылды.
Жиында су үнемдеу технологияларын енгізу мәселесіне ерекше тоқталынды. Атап айтқанда, жерді лазерлік тегістеу, егіс айналымын сақтау, топырақты дұрыс өңдеу және суару жүйелерін жаңғырту арқылы су шығынын азайтуға болатыны айтылды. Бүгінгі таңда қала аумағында 3 мың гектар жер лазерлік тегістеуден өткен, бұл су тұтынуды айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік беруде.
Сонымен қатар, суармалы егіншілікте цифрлық бақылау мен есепке алу жүйелерін енгізу, су беру кестесін нақтылау және шаруашылықтар арасында су бөлуді әділ ұйымдастыру мәселелері де қаралды. Бұл бағытта жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар берілді.
Мәжілісте шаруашылықтардың су алу тәртібі бойынша келісімшарттарды уақытылы рәсімдеу, су жеткізіп беру қызметіне қатысты бекітілген тарифке сәйкес төлемдерді мерзімінде жүргізу қажеттігі ерекше айтылды. Бұл – су жүйесінің тұрақты жұмыс істеуінің негізгі шарттарының бірі екені атап өтілді.
Жиын барысында жауапты сала басшыларына су тапшылығы жағдайында кезек тәртібін сақтау, су тарату арналарын қатаң бақылауда ұстау және заңсыз су пайдаланудың алдын алу бойынша нақты тапсырмалар жүктелді.
Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы құрылымдарына түсіндіру жұмыстары күшейтіліп, су үнемдеу мәдениетін қалыптастырудың маңызы айтылды. Әрбір шаруашылық су ресурсын тиімді пайдалану арқылы ғана тұрақты өнімге қол жеткізе алатыны атап өтілді.
Дархан Тұрсынбаев су мәселесі тек бір маусымның емес, ұзақ мерзімді стратегиялық бағыт екенін айтып, бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасатынын жеткізді. Су ресурстарын үнемдеу – тек мемлекет пен мекемелердің емес, әрбір шаруаның ортақ жауапкершілігі екені баса айтылды.
Жиын қорытындысында барлық тапсырмалар хаттамаға енгізіліп, жауапты мекемелерге нақты мерзімдер белгіленді. Алдағы кезеңде суару маусымының барысы тұрақты бақылауда болатыны және туындаған мәселелер жедел шешілетіні айтылды.
Су үнемдеу – егін шаруашылығының тұрақты дамуының және мол өнім алудың басты кепілі ретінде айқындалды.







