АРАЛ–СЕКСЕУІЛ ЖОЛЫНЫҢ МӘСЕЛЕСІ ҚАШАН ШЕШІМІН ТАБАДЫ?

2 523

Фото: ChatGPT көмегімен жасалдыАрал қаласы мен Сексеуіл кенті арасындағы 60 шақырым жолдың мүшкіл халі тұрғындарды әбден титықтатқан — жұрт биліктен көмек сұрап дабыл қағуда,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі

Сексеуіл кенті – Арал ауданының тірегі саналатын ірі елді мекен. Көлемі жағынан Арал қаласынан кейінгі екінші орында тұрған бұл кент, аудан орталығынан небәрі 60 шақырым жерде орналасқан. 1937 жылы іргесі қаланған Сексеуілде бүгінде 20 мыңға жуық халық тұрады, 2600-ден астам отбасы тіршілік етіп отыр. Тоғыз жолдың торабына баланған кентке бес бірдей елді мекен қарайды. Яғни, бұл жай кент емес, бүтін бір өңірдің тынысы болып тұрған мекен. Бірақ сол мекенге жету бүгінгі күні нағыз сынақ болып тұр.

 Аталған Сексеуілдің жамалмаған жолдарын мың рет естігеннен бір рет көруге арнайы бардық. Көргеніміз көңіл көншітпейді, керісінше ашындырады. Ойдым-ойдым, шұрық-тесік, шаңы аспанға көтерілген сүреңсіз сүрлеу. Көлікпен жүргенде тек дөңгелек емес, адамның төзімі де бірге тозады. Бұл немқұрайдылықтың ашық көрінісі дейді жергілікті такси жүргізушілері.

 Осы жолдың зардабын күнде тартып жүрген тұрғындардың наразылығы қисынды:


«Бұл жолмен жүру жүйкені жұқартатын нәрсе. Көлігіміз ай сайын бұзылады, жөндеуге ақша кетеді. Ауру адам болса, ауруханаға жеткенше әбден қиналады. Қанша жылдан бері айтамыз, бірақ нәтиже жоқ. Жолды көрген адам ұялуы керек қой», – дейді Сексеуіл тұрғындары.

 60 шақырым. Қағазда қысқа қашықтық. Ал өмірде жүйкені жейтін, уақытты ұрлайтын, көлікті қиратып, адамды титықтататын жол. Осындай күйдегі бағытпен халық күн сайын қатынап жүр. Балалар мектепке, науқастар ауруханаға, кәсіпкерлер тіршілігіне осы жолмен жетеді. 

Бұл мәселе бойынша «Арал ауданының қоғамдық даму бөлімі» КММ басқарма басшысы Махмут Маратұлына хабарластық. Бірақ ол өзінің уақытша еңбек демалысында екенін алға тартып, сұрағыңа толық жауап береді деп Сексеуіл кентінің әкіміне хабарласуды өтінді. Хабарластық. Алайда кент әкімі Сәкен Төрешов мырза жол мәселесіне қатысы жоқ екенін айтып ат тонын ала қашты. Бірақ аудан әкімінің бір сөзін алға тартты. Сөзіне сүйенсек аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы «ҚазАвтоЖол» мекемесімен үш жақты меморандумға отырған көрінеді. Яғни, салынатын Сексеуіл-Бейнеу жолына осы жолды пайдаланып, негізгі жол салып, кейіннен толық бітірп береді. Бірақ бұл жоспардың іске асуына қанша уақыт керек белгісіз. Шыдамы таусылған халықтың тағы күтуге шыдамы жете ме?

 Жол өздігінен бұзылмайды, жөндеу өздігінен жасалмайды. Демек, мәселе жауапкершілікте. Бюджеттен қаржы бөлінді ме? Бөлінсе, нақты қайда жұмсалды? Жобалар неге нәтиже бермейді? Әлде қағаз жүзінде бәрі тегіс, ал шындықта бәрі шұрық па?

 Бұл сұрақтардың жауабы тікелей аудан басшылығына тіреледі. Аманжол Оңғарбаев мырза, Сексеуілге баратын жолдың жағдайын өз көзіңізбен көрдіңіз бе? Әлде бұл бағыт тек есеп пен баяндамада ғана бар ма? Бұл сұрақтар біздің ғана емес, жергілікті мыңдаған тұрғынның да көкейінде сайрап тұр.