Қазалы ауданында 2025 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша аппарат мәжілісі өтті

1 528

Фото: Қазалы аудан әкімдігіҚазалы ауданында аудан әкімі Алмасбек Есмахановтың төрағалығымен аппарат мәжілісі өтті. Жиында 2025 жылдың алғашқы 9 айында атқарылған жұмыстардың қорытындысы шығарылып, алдағы міндеттер талқыланды. Аппарат мәжілісіне аудан әкімінің салалық орынбасарлары мен аудан әкімі аппаратының басшысы қатысып, әрбір сала бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Мәжілісте құрылыс, ауыл шаруашылығы, экономика, тұрғын үй, коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары, кәсіпкерлік, білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, қоғамдық даму, құжаттамалық қамтамасыз ету және көрсетілетін мемлекеттік қызметтер бойынша есеп берілді. Аудан әкімі әрбір саладағы көрсеткіштерді жеке-жеке талдап, жауаптыларға көрсеткіштерді көтеру және жұмысты тиімді ұйымдастыру жөнінде нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар, макроэкономикалық көрсеткіштердің орындалуы мен бюджет қаржысының мерзімінде игерілуін талдауды міндеттеді. Төмен нәтиже көрсеткен сала басшыларына қатаң сын айтып, одан нақты нәтиже шығаруды қадап айтты.

Аудан басшысы алдағы жылу беру маусымына ерекше тоқталып, аудан орталығы – Әйтеке би кентінде орналасқан 101 көпқабатты тұрғын үй, сондай-ақ өндірістік және әлеуметтік-мәдени нысандардың жылумен тұрақты қамтамасыз етілуін қадағалауды тапсырды. Барлық сала басшыларына бұл бағытта проблемалық мәселелерге жол бермеу қажет екендігі ескертілді.

Мәжілісте сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыстар да қаралды. Биыл аудан бойынша 17 445 гектар ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, оның ішінде 5636 гектары күріш алқаптары. Қазіргі таңда күріштің 4162 гектары ораққа түсіп, 3472 гектары бастырылған. Аудан әкімі ору жұмыстарын 10 қазанға, бастыру жұмыстарын 17 қазанға дейін аяқтау жөнінде нақты тапсырма берді.

Сонымен қатар, барлық кент, қала және ауылдық округ әкімдеріне келер аптада Қызылорда қаласында өтетін «Алтын дән-2025» ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін жоғары деңгейде ұйымдастыру туралы тапсырма беріліп, ауданның абыройын қорғау үшін бірлесе жұмыс жасауға шақырылды.

Жиында аудан әкімі тұрғындарды сапалы және үздіксіз коммуналдық қызметтермен қамтамасыз ету, құрылыс нысандары мен жол құрылысы жұмыстарын сапалы әрі мерзімінде аяқтау, жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтардың алдын алу, кент, қала және ауылдық округтердің санитарлық-тазалығын қамтамасыз ету сияқты өзекті мәселелерге қатысты бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Аппарат мәжілісінің қорытындысы бойынша аудан әкімдігі алдағы уақытта да барлық салалар бойынша жұмыстарды жүйелі түрде ұйымдастырып, тұрғындарға тиімді қызмет көрсету және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету міндеттерін жалғастыратын болады.