Ақтөбеде жыл басынан бері 300-ге жуық ерлі-зайыпты ажырасып кеткен
Биыл Ақтөбеде 273 отбасы ажырасып кеткен. Олар бұның себебін көбіне тума-туыстары мен бас қосқан екі адам арасындағы мінез қайшылығымен түсіндіреді.
Ақтөбеде отбасы құндылығын насихаттау, гендерлік тендікті дамыту және отбасы институтын нығайту мақсатында "Отбасы құндылықтары – ортақ міндет" тақырыбында кәсіби медиатор, психологтар бас қосты.
Шара барысында мамандар қатысушылардың сауалына жауап беріп, жұптар арасында тренинг өткізіп, кәсіби ақыл-кеңесімен бөлісті.
Қазіргі кезде "Анаға тағзым" орталығында кәсіби мамандар, медиатор мен психологтар ажырасу жолындағы немесе тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шегіп жүрген отбасылармен бірге тығырықтан шығу жолын іздейді.
Жыл басынан бері орталық мамандары 600-ге жуық отбасына қолдау білдірген. Орталықтын психологі Бибігүл Қалелдің айтуынша, мамандардың көмегіне жүгініп келген отбасының басым бөлігі шаңырағын сақтап қалады.
"Ажырасуға бел байлағандар нақты себебін айта алмайды. Тек отбасы ішіндегі түсініспеушілікті, ауыр сөздерді алға тартады", – дейді Бибігүл Қалел.
Статистикалық мәліметке сүйенсек, жыл басынан бері 1863 жұп отбасын құрса, өкінішке қарай оның 273-і ажырасып кеткен.