МЕРЕЙЛІ ОТБАСЫЛАР ҚҰРМЕТКЕ БӨЛЕНДІ
Халықаралық Отбасы күніне орай «Отбасы орталығында» зиялы қауым өкілдері, «Мерейлі отбасы» байқауының әр жылдардағы жеңімпаздары, үлгілі және жас отбасылар, ҮЕҰ және БАҚ өкілдері қатысуымен мерекенің мәнін айшықтайтын іс-шара ұйымдастырылды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Мемлекет басшысы «Халқымыз қай заманда да отбасы дәстүрін берік ұстанып, қадірлей білген. «Үлкенге құрмет, кішіге ізет – біздің қанымызға сіңген қасиет» деп айрықша мән беріп келеді.
Отбасындағы тәлім-тәрбие адамның бүкіл бітім-болмысын қалыптастырады. Ақылдың кені – ақсақалдар мен тәлімнің тетігі – аналардан алған үлгі-өнегені ұстансақ, ісіміз ілгерілеп, тіршілігіміз татымды болары анық.
Іс-шарада облыс әкімі аппаратының басшысы, әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасы Шахмардан Байманов ұрпақтар сабақтастығын жалғап, қоғамда еңбек құндылығын насихаттаған отбасыларға ізгі ниетін жеткізіп, аймақ басшысының атынан мерекемен құттықтады. Сондай-ақ, дәстүрлі «Мерейлі отбасы» конкурсына құжаттар қабылдау бүгіннен басталатынын хабарлады.
Байқау шарты бойынша аудандық және облыстық комиссияның оң шешімін алған отбасылар республикалық конкурсқа жолданады.
Мерекелік басқосуда сөз алған облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, қоғам қайраткері Ө.Шәменов жарасымды отбасыларға ақ тілегін арнады. Жаңадан отау құрып, шаңырақ көтерген жұптар ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
Шараға қатысушыларға облыс әкімдігі атынан Алғыс хаттар мен құттықтаулар табысталды. Жыл сайын атап өтілетін Халықаралық Отбасы күнінде бірлік пен татулық насихатталып, өнегелі отбасылар баршаға үлгі етіле бермек.
Ежелден-ақ дана халқымыз «Отан отбасынан басталады» деп, қоғамдағы отбасының құндылығына ерекше назар аударған. Мықты мемлекеттің қалыптасуы үшін әрбір үйдің, әрбір шаңырақтың береке бірлігі жарасымды, ынтымағы ырысты болуы керек. Үлкенге ізет көрсету, кішіге құрмет қылу – қазақ тәрбиесінің алтын діңгегі. Ықылым заманнан қазақ ұғымында отбасының орны ерекше. Себебі, төскейде малын жайып, түстікте егінін орған қазақ қоғамы отбасы институтының беріктігі мен татулығына мән берген. Балиғат жасына жеткен жігіт пен бойжеткен қыздың ата дәстүр салтымен неке қидырып, үлкендердің ақ батасын алып, шаңырақ көтеруін үлкен қуаныш көрген. Бұл жағдайда қазақ елі «керегеміз кеңейді» деп шаттанған. Отбасын құрған жас жұбайлардың мызғымас татулығы үшін екі тарап та барынша жас жанұяға қолдау көрсеткен. Міне, бұл жесірін қаңғытпаған, жетімін жылатпаған кешегі қазақ қоғамының қалыптасқан үрдісі. Бүгінде, елімізде жыл сайын сан мыңдаған жастар бас қосып, ақ некесін қидырып, шаңырақ көтереді. Бір өкініштісі, соңғы статистикалық мәліметтерге сүйенсек жыл сайын елімізде шаңырақ көтергендердің үштен бірі ажырасып кетеді екен. Сәтсіз некенің болуын түрлі себептерге жоруға болады. Бұлар ең алдымен материалдық теңсіздік, сәби сүю бақытын көре алмауы, мінездің үйлесім таба алмауы және т.б. белгілі жағдаяттар екен. Бұл ретте қазақ даналығында «Тәрбие – тал бесіктен» деген тәмсілін тілге тиек ете отырып, ұл мен қызға бірдей тағылым тәрбие беру мәселесін айту керек. Иә, ешкімде ұлы мен қызын жаман болып өссін демейді. Дегенменде, бүкіл жауапкершілікті мектеп пен қоғамға итеріп тастап, баланың тәрбиесіне бей-жай қарап, соңында сан соғып қалып жатқан ата-аналар аз емес. Осы ретте «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген қанатты сөздің астарына үңіліп, ақиқатын ақтарып көрсек, бала ата-анасына қарап бой түзейді. Сондықтан ең алдымен баланың болашағы жарқын, келешегі кемел болсын десеңіз, өзімізді тәрбиелеп, баланы ата-дәстүр салтымен, рухы асқақ азамат етіп тәрбиелеуіміз қажет. Сондықтан елімізде жанұяға маңызды орын берілген, өйткені адамзат пен мәдени құндылықтардың бұлжымас ұясы отбасы болып табылады.
Жыл сайын бүкіл әлемде 15-мамырда Халықаралық отбасы күні атап өтіледі, бұл кез-келген мемлекеттің демографиялық саясатымен бірге әлеуметтік-экономикалық дамуына қомақты ықпал ететін қазіргі қоғамдағы негізгі іргетасы ретінде отбасының маңыздылығын көрсетеді. Бұл күн 1994-ші жылдан бері аталып өтілуде және БҰҰ Бас Ассамблеясының 1993-ші жылдың қыркүйек айындағы Халықаралық отбасы жылы туралы резолюциясында бекітілген. Бұл күнді белгілеу әлемдік қауымдастықтың қазіргі замандағы отбасының жағдайына алаңдаушылығынан қоғамның негізгі институттарының бірі ретінде отбасының маңызын арттыру мақсатында туындаған еді.
Елімізде «Отбасы» күні – Қыркүйек айының екінші жексенбісінде аталып өтіледі. Бұл күнді атап өтудегі мақсат – мемлекетіміздің мызғымас қазығы болып табылатын отбасы институының имиджін арттыру, қоғам назарын отбасына аудару, отбасындағы зорлық-зомбылық жағдайларын болдырмау болып табылады. Еліміздегі отбасы құндылықтарын насихаттау мақсатында жыл сайын, елбасы тапсырмасына сәйкес дәстүрлі «Мерейлі отбасы» байқауы өткізіліп келеді. Байқау – ауыл аймақтан басталып, облыстық, республикалық деңгейде ұйымдастырылады. Отан ортақ үйіміз деп қарайтын болсақ. Ортақ үйіміздің шаңырағын шайқалтпай, уығын тіктеп, керегесін кеңейтіп, береке бірлігін ұйыта ұстау ортақ міндетіміз. Осы ретте 15-мамыр «Халықаралық отбасы» күнімен құттықтай отырып, барлық отбасына бақ береке, ырыс-дәулет тілеймін! Елідігіміздің айқын куәсі – егемендігіміз мәңгілік, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!