ҚЫЗЫЛОРДАДА «СЫР ЖАСТАРЫ» ӨҢІРЛІК БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ ҚАТЫСУШЫЛАРЫНА ҮЙ БЕРІЛДІ
Бүгін Тәуелсіздік күні аясында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Сыр жастары» өңірлік бағдарламасының қатысушыларына 40 пәтерлік тұрғын үйдің кілтін табыстады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Салтанатты рәсімге облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеуімбетов, зиялы қауым өкілдері, жауапты сала басшылары мен қала тұрғындары қатысты.
Аймақ басшысы жаңа қоныс иелеріне ізгі тілегін білдіріп, өңірдегі ауқымды жобаларды атап өтті.
Іс-шарада мемлекет және қоғам қайраткері, Қызылорда облысының Құрметті азаматы Биғали Каюпов батасын беріп, жаңа пәтер иесі, көпбейінді қалалық аурухананың жас маманы Салтанат Сейіткамал көрсетілген қолдауға алғысын жеткізді.
Бүгін пәтер кілтін алған отбасылар қатарында ұстаздар, медицина мамандары мен бюджеттік мекемелер қызметкерлері бар.
Айта кетейік, биыл облыс бюджеті 750 млрд теңгеге жетіп, тұрғын үй құрылысына және жеке салушылардан дайын пәтерлер сатып алуға 39 млрд 100 млн теңге бөлінді. Өткен жылдан бері қалада жеті, тоғыз, он екі қабатты тұрғын үйлер бой көтеруде.
Мемлекет басшысының қолдауымен ұлттық жобалар аясында соңғы екі жылда 4 мыңға жуық пәтер табысталып, 17 мың тұрғынның баспана мәселесі шешілді. Жыл басынан бері 2000-ға жуық отбасы қоныстой тойлады, тұрғын үй құрылысы көлемі 126 пайызға өсті.