ҚЫЗЫЛОРДАДА БІР БАЛАНЫ МЕКТЕПКЕ ДАЯРЛАУ ҮШІН ҚАНША ҚАРАЖАТ ҚАЖЕТ?

6 946

Қызылорда қаласында орталық базардағы мектеп оқушыларына арналған заттар бағасы шарықтап тұр, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Аймағымызда ата-аналар балаларының керек-жарағын түгендеп, мектепке дайындықты бастап кеткен. Алайда базардағы бағаның оқу жылы басталар шағында тым шарықтап кететіндігі жиі сөз етілуде. Осы орайда базар бағасын бағамдап қайттық. 


Ескі базар мен сауда үйлерінің барлығы дерлік қарыс қадам аттаған жердің бәрі мектепке қажетті құрал-жабдыққа лық толы. Сауда қызған, ата-ана мен саудагердің жан-жаққа қарауға мұршасы жоқ. Оның үстіне мемлекет тарапынан арнайы әлеуметтік көмектің берілетінінен құлаққағыс болған саудагерлер «арнайы чек пен наклодной береміз»  деп зыр жүгіруде. 

Бір баланы мектепке даярлау үшін кем дегенде 100 000 теңге кететіні белгілі болды. 

Мектеп шалбары – 10 000 теңгеден жоғары

Жейде мен кофта – 10 000 теңгеден жоғары

Спорт костюмі – 20 мың теңгеден жоғары

Спорттық аяқ киім – 10 000 теңгеден жоғары

Аяқ киім (классикалық туфли) – 15 мыңнан жоғары

Ақ майка – 2 000 теңгеден жоғары

Белдік – 2 000 теңгеден жоғары

Қыздардың бантигі – 1000 теңгеден жоғары

Сөмке – 9 000 теңгеден жоғары


Киімдердің өлшемі мен сапасына қарай баға өсіп отырады.


Ең қызығы мектеп құралдары мен арнайы жабдықтардың өзіне 20 000 теңгеден асып жығылады. 


«Менің екі балам оқиды бала басына 120 000 теңгеден қаржы кетті. Қыз баланың  керек жарағы көпке түсті. Спорттық киімін 25 мың теңгеге алдым. Ал дене тәрбиесі сабағына киетін сапасы онша емес шалбар мен ақ футболка сатып алсаң 15 мың теңге кетеді. Ал сапасыжақсысытерлетпейді. Олардыңбағасы 25мыңғашығады, - дейді Айнұр Алмағанбетқызы есімді ата-ана.


Ал 6-сынып оқитын ұлына туфлиді Жамиля есімді ата-ана 19 мың теңгеге алған.


«Мен қайта түсіріп, науқан болып жатқан арзан жерден алдым. Әйтпесе былғары туфлидің бағасы 30 мыңнан. Бір қыз, бір ұлыма тек аяқкиім алу үшін 60 мың теңгеден астам ақша шығардым» - дейді Жамиля Сақтапберген.


Ұл балалардың классикалық костюмі 20-40 мың теңгеден жоғары саудалануда.  Кеңсе тауарлары былтырғыдан 15%-ға қымбаттаған.


Ал оқу құралдарына келсек, мектеп сөмкесінің ең арзаны – 5 мың теңгеден. Қалтаңыз көтерсе былғары сөмкелер сапасына қарай 15 мың теңгеге дейін сатылатыны да бар.


Ал жалпы 1-3 сыныптың бір ғана оқушысына толық оқу құрал-жабдығын алу үшін 40 мың теңге кетеді. 


«Баға өсіп бара жатыр. Мәселен, біз дәптерді өзіміз 15 теңгеден сатып алып, 20 теңгеден сатамыз. Егер сіз қосымша керек жарағының бәрін менен алсаңыз ал, тек дәптер алсаңыз 40 теңгеден беремін. Сол сияқты кез-келген затқа небәрі 10-25 теңгеден ғана үстіне қосамыз. Тауарым менің қолыма жеткенше 4 жеткізушінің қолынан өтеді. Төрт рет үстіне қосылады. Базардағы саудагерлердің барлығы тиындап қана пайда көреді. Соны жұрт саудаласып отырады. Біздің де бала-шағамыз бар. Төлейтін салығымыз бар. Оның үстіне қазір ата-аналар арнайы чек сұрауды әдетке айналдырған», - деді алып  сатушы Айгүл.


Қорыта айтқанда, бір оқушыны жаңа оқу жылына толық дайындау үшін 100 мың теңгеден асып жығылады. Ал үйінде бір ғана оқушысы барлар некен-саяқ екенін ескерсек, әр отбасыға оқу жылына кемінде 200-300 мың теңге ақша керек. Бүгінгінің балалары бірінікін бірі киіп өсетін заман емес екендігі тағы бар. Себебі алынған тауарыңыз сапасына қарай бір мезгіл киюге ғана жарамды етіп тігілгендей-ақ. Алайда сапасы жоғары киімдердің бағасы да жоғары екендігі анық.


Баланы бағып-қағу, киіндіру әрбір ата-ананың міндеті. Сондықтан әр баланың қалауын орындап, шамасы келгенше мектепке дайындап жүр. Базардағы баласын ерткен ананың бір ғана ниеті – қатардан қалмау. Қымбатшылықтың әсерінен қалтасындағы соңғы қаржыға бала алдындағы парызын орындаймын деп те жүр. Кейбірі несиеге алып жатыр. Амал жоқ.