ҚАРМАҚШЫДА АТА-АНАЛАР ЖИНАЛЫСЫ ӨТКІЗІЛДІ

1 508

Кент орталығындағы О. Шораяқұлы атындағы №30 мектеп базасында ата-аналар жиналысы ұйымдастырылып, оқушылардың білім сапасы мен тәрбиесіне қатысты өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды. Жиынға мектеп әкімшілігі, сынып жетекшілері, жауапты мамандар және ата-аналар қатысып, бала тәрбиесіндегі ортақ жауапкершілік мәселелері қозғалды.

Жиналыс барысында оқушылардың білім сапасын арттыру, үлгерім көрсеткіштерін жақсарту, сабаққа қатысу тәртібі, сондай-ақ мектеп ішіндегі тәртіп мәселелері кеңінен сөз болды. Мұғалімдер тарапынан әр оқушының оқу жетістіктері мен тәртібі туралы ақпарат беріліп, ата-аналарға балалардың оқу процесіне белсенді қатысуының маңыздылығы түсіндірілді.

Сонымен қатар, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, жол қауіпсіздігі ережелерін сақтау, мектепке келу-кету кезіндегі қауіпсіздік, төтенше жағдайлардың алдын алу, сондай-ақ интернет кеңістігіндегі қауіп-қатерлер туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда өзекті мәселелердің бірі болып отырған интернет алаяқтық, кибербуллинг және зиянды контенттің әсері жөнінде нақты мысалдар келтіріліп, ата-аналарға балалардың интернеттегі әрекетін бақылауда ұстау қажеттігі ескертілді.

Жиын барысында жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, нашақорлық пен зиянды әдеттердің салдары туралы да кеңінен айтылды. Мамандар ата-аналарды балаларымен тұрақты әңгімелесіп, олардың ортасын бақылап, бос уақытын тиімді ұйымдастыруға көңіл бөлуге шақырды. Спорттық, мәдени және үйірме жұмыстарымен қамту – баланың дұрыс қалыптасуына ықпал ететін маңызды факторлардың бірі екені атап өтілді.

Мектеп әкімшілігі ата-аналарға бала тәрбиесінде мектеп пен отбасының тығыз байланыста болуы аса маңызды екенін жеткізді. Балалардың оқу үлгерімі мен тәртібі – тек мұғалімдердің ғана емес, ата-аналардың да ортақ жауапкершілігі екені айтылып, әрбір ата-ананы осы іске белсенді атсалысуға шақырды.

Жиналыс соңында ата-аналар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды. Сонымен қатар, ұсыныс-пікірлер тыңдалып, алдағы уақытта мектеп пен ата-аналар арасындағы байланысты одан әрі нығайту бағытында бірлескен жұмыстар жүргізілетіні айтылды.

Мұндай кездесулер – бала тәрбиесінде маңызды рөл атқарып, мектеп пен ата-ананың өзара түсіністігін арттыруға, оқушылардың жан-жақты дамуына қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.