ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА ЖЫЛУ БЕРУ МАУСЫМЫНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ ЖӘНЕ АЛДАҒЫ КЕЗЕҢГЕ ДАЙЫНДЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

1 504

ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА ЖЫЛУ БЕРУ МАУСЫМЫНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ ЖӘНЕ АЛДАҒЫ КЕЗЕҢГЕ ДАЙЫНДЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Бүгін Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов төрағалық еткен Үкімет отырысында 2025-2026 жылғы жылу беру маусымының қорытындылары мен алдағы кезеңге дайындық мәселелері кеңінен қаралды. Отырысқа Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режим арқылы қатысты.

Үкімет отырысында еліміздің өңірлеріндегі жылу беру маусымының өту барысы сараланып, инженерлік инфрақұрылымдардың жай-күйі, жылу-энергетика нысандарын жаңғырту, алдағы күзгі-қысқы кезеңге дайындық жұмыстары талқыланды. Сондай-ақ, тұрғындарды жылумен және электр энергиясымен үздіксіз қамтамасыз ету, апатты жағдайлардың алдын алу және коммуналдық жүйелердің сенімділігін арттыру бағытындағы міндеттер айқындалды.

Үкімет отырысынан кейін облыс әкімі жауапты сала басшылары мен қала, аудан әкімдерінің қатысуымен арнайы мәжіліс өткізіп, нақты тапсырмалар жүктеді. Аймақ басшысы барлық әлеуметтік нысандарды қыркүйек айына дейін, ал білім беру ұйымдарын тамыз айының соңына дейін жаңа жылу беру маусымына толық дайындауды міндеттеді.

– Қала, аудан әкімдері мен тиісті басқарма басшылары әлеуметтік нысандардың дайындығын тұрақты бақылауда ұстауы қажет. Әрбір нысанның инженерлік жүйелері, қазандықтары мен жылу желілерінің жағдайы жіті тексеріліп, жұмыстар бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілуі тиіс. Жылу беру маусымына қажетті көмір көлемін нақтылап, жеткізуші операторлармен алдын ала келісім жасаңыздар. Көмір қорын жаз мезгілінен бастап дайындау керек. Сонымен қатар, алдағы маусымға дайындық пен атқарылып жатқан жұмыстардың сапасына күнделікті мониторинг жүргізу қажет, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Мәжілісте бұдан бөлек, заңсыз жолаушылар тасымалына тосқауыл қою, апатты жағдайдағы ғимараттарды заңнама талаптарына сәйкес арнайы комиссия шешімімен есептен шығару, елді мекендердегі санитарлық тазалық жұмыстарын күшейту мәселелері де көтерілді. Облыс әкімі барлық бағыттағы жұмыстардың сапалы орындалуы тұрғындардың қауіпсіздігі мен өмір сүру сапасына тікелей әсер ететінін атап өтті.

Айта кетейік, өңірде 2025-2026 жылғы жылу беру маусымы штаттық режимде өтіп, сәуір айында сәтті аяқталды. Қазіргі таңда алдағы жауапты кезеңге дайындық жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.

Биыл облыстағы жылумен қамту нысандарын жаңғыртуға 7 млрд 400 млн теңге қаржы қаралған. Оның ішінде республикалық бюджеттен бөлінген 3 млрд 622 млн теңге есебінен 6 жобаның құрылысы толық аяқталып, қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, өңір бойынша 1 газтурбиналық қондырғыға, 14 бу қазандығына және 21 автономды қазандыққа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Мемлекет басшысының қолдауымен Акса Энерджи компаниясы Қызылорда қаласында қуаттылығы 240 мегаватт болатын жаңа жылу-электр орталығын салды. Қазіргі уақытта орталықта 176 мегаватт электр энергиясы өндірілуде. Сондай-ақ, 4 су жылыту қазандығы пайдалануға беріліп, жүйенің тұрақты жұмысы қамтамасыз етілуде. Қосымша қуат көздерін іске қосу мамыр айының соңына дейін аяқталады деп жоспарланған. Ал жаңа орталық толық қуатында алдағы жылу беру маусымында жұмыс істеп, тұрғындарды жылумен және электр энергиясымен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Облыс көлемінде жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстар өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып, коммуналдық инфрақұрылымның сенімділігін арттыруға бағытталған.

Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі