Қазалыда Әйтеке би көшесін жөндеу жұмыстары жүріп жатыр

1 505

Қазалы ауданында инфрақұрылымды жақсарту бағытындағы жұмыстар аясында Әйтеке би көшесін қайта жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Аталған көше 2024 жылы орташа жөндеуден өткеніне қарамастан, жүргізілген зерделеу нәтижесінде асфальт жабынының бірқатар бөліктерінде сапасыздық белгілері, атап айтқанда, жабынның ыдырауы мен ой-шұқырлардың пайда болуы анықталған. Бұл жағдай тұрғындар тарапынан орынды сын-пікірлер туғызып, мәселе қоғам назарын аударған болатын.

Анықталған кемшіліктерге байланысты мердігер мекемеге бірнеше мәрте ескерту беріліп, тиісті талаптар қойылды. Кейіннен жүргізілген ішкі мемлекеттік аудит қорытындысы негізінде мәселе сотта қаралып, нәтижесінде мердігер компания жолды өз қаражаты есебінен қайта қалпына келтіруге міндеттелді. Қазіргі таңда осы шешімге сәйкес қайта жаңғырту жұмыстары басталып, жүйелі түрде жүргізілуде.

Осыған орай, «AMANAT» партиясы Қазалы аудандық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясы нысандағы жұмыстардың барысын арнайы бақылауға алды. Бұған дейін әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланып, тұрғындар тарапынан үлкен резонанс тудырған мәселе комиссия отырысында қаралып, жол құрылысының сапасын тұрақты бақылауда ұстау туралы шешім қабылданған еді.

Комиссия құрамында жол және құрылыс саласында тәжірибесі бар аудандық мәслихат депутаттары бар. Олар құрылыс алаңына арнайы барып, жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапасын зерделеп, мердігер мекемеге нақты ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Атап айтқанда, құрылыс барысында белгіленген технологиялық талаптарды қатаң сақтау, пайдаланылатын материалдардың сапасына ерекше көңіл бөлу және жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтау қажеттігі ескертілді.

Комиссия төрағасы, аудандық мәслихат депутаты Әділбек Сарабеков бұл мәселенің аймақ басшылығының тікелей бақылауында тұрғанын атап өтті. Оның айтуынша, жол сапасы – тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін маңызды мәселе.

– Жол мәселесі әрқашан өзекті. Өткен жылы осы көше бойынша тұрғындардан бірнеше рет шағым түсті. Сондықтан бұл жолы ең бастысы – сапаға басымдық беру. Халық игілігі үшін жасалып жатқан жұмыстар талапқа сай әрі уақытында аяқталуы тиіс, – деді ол.

Бүгінгі таңда жолдың бірқатар бөлігі толық аяқталып, пайдалануға берілген. Қалған учаскелерде асфальт төсеу, тегістеу және абаттандыру жұмыстары жалғасуда. Мердігер мекеме – «Строй Модуль - Астана» ЖШС өкілдерінің мәліметінше, нысанды ағымдағы жылдың мамыр айының соңына дейін толық аяқтап, пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, партиялық бақылау комиссиясы мен жауапты мекемелер құрылыс жұмыстары толық аяқталғанға дейін сапаны тұрақты бақылауда ұстайтынын жеткізді. Бұл өз кезегінде алдағы уақытта мұндай кемшіліктердің қайталануына жол бермеуге және тұрғындардың сенімін арттыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады.

Жалпы, Әйтеке би көшесіндегі қайта жаңғырту жұмыстары – аудан инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған маңызды жобалардың бірі. Жұмыстар сапалы әрі уақытылы аяқталған жағдайда, бұл тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырып, көлік қозғалысының қауіпсіздігі мен қолайлылығын қамтамасыз ететіні сөзсіз.