Жалағашта «Кеусен беру» дәстүрі жаңғыртылды
Бүгін Жалағаш ауданының Руханият орталығының алаңында халқымыздың бай рухани мұрасының бір көрінісі – «Кеусен беру» дәстүрі жаңғыртылып, кеңінен таныстырылды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Бұл дәстүр – егін мол шығып, қамба астыққа толған шақта жасалатын, халқымыздың жомарттығы мен бірлігін паш ететін ерекше салт. Қазақ қоғамында кеусен беру – тоқшылық пен ризашылықтың, береке мен мейірімнің белгісі саналған.
Іс-шара барысында ежелгі дәстүрдің мәні сахналық қойылым арқылы көрерменге ұсынылып, көрініс аудан тұрғындарының зор қызығушылығын тудырды. Көрермендер халқымыздың дархан пейілін, еңбекке деген құрметін айшықтайтын бұл көріністі ыстық ықыласпен қабылдады.
Мерекелік шарада аудан өнерпаздары мен «Ұлағатты аналар» ансамблі әсем әндер мен ұлттық билерден тұратын концерттік бағдарламаны ұсынды. Ұлттық киімдермен әрленген сахна көріністері мен халық әуендері кештің рухани әсерін арттырды.
«Кеусен – ата дәстүрдің алтын арқауы» атты тағылымды шара аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен өткізілді. Оның басты мақсаты – ұлттық салт-дәстүрлерді ұлықтап, ұмыт бола бастаған рухани құндылықтарды қайта жаңғырту, сондай-ақ жас ұрпаққа ата-баба өнегесін сіңіру.
Шара соңында дәстүрдің мәніне сай ауданның әр ауылынан келген отбасыларға кеусен үлестірілді. Бұл – бірлік пен ізгіліктің, еңбек пен ырыстың айғағы іспетті игі рәсім болды.
Осындай іс-шаралар арқылы халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан әдет-ғұрыптары мен рухани қазынасы насихатталып, ел ішіндегі татулық пен берекенің мәні одан әрі айқындала түсті.