Құрылыс нысандарындағы жұмыстар аймақ басшысының бақылауында
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте өңірдің құрылыс нысандарындағы жұмыс барысы және коммуналдық қызмет көрсету мәселелері сараланды. Оған қала, аудан әкімдері мен жауапты сала басшылары қатысты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Аймақ басшысы бірінші кезекте құрылыс сапасын қатаң бақылауда ұстап, нысандарды уақытылы пайдалануға беруді тапсырды.
Жиында жыл соңына дейін ашылатын жаңа нысандардың дайындығы пысықталды. Жақын күндері аймақ басшысының қатысуымен Арал ауданы, Мергенсай ауылдық округінде салынған 150 орындық мектеп пайдалануға беріледі. Мұнан бөлек, аудан орталығында 60 пәтерлік 30 тұрғын үйдің кілттері табысталады. Қамыстыбас ауылдық округіндегі автоматтандырылған газ тарату стансасы ашылады.
Сонымен қатар, Қазалы ауданында да 80 пәтерлік 40 үй пайдалануға беріліп, Сарбұлақ елдімекенін таза ауыз суға қосу рәсімі өтеді.
Сондай-ақ, жиын қорытындысымен өңір басшысы қыс мезгілінде коммуналдық қызметтер үздіксіз әрі сапалы көрсетілуі тиіс екенін ескертті.







