Сырдарияда мәдениет саласы жүйелі түрде дамуда
Сырдария ауданында аймақ басшысының қолдауымен мәдениет пен руханият саласында ауқымды жұмыстар атқарылып, халыққа сапалы мәдени қызмет көрсету бағытында жүйелі жобалар жүзеге асырылып келеді. Аудан мәдениеті қарқынды дамып, елдік мұратты ту еткен жобалар мен өнерпаздардың жетістіктері арқылы жаңа белестерге көтерілуде, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Жуырда аудан орталығында жалпы құны 1,5 млрд теңге болатын ірі мәдени нысан – «Руханият» орталығы пайдалануға берілді. Бұл заманауи кешеннің құрамына неке қию залы, кітапхана, музей, мұрағат, жастар сарайы, ардагерлер мен аналар үйі кіреді. Аталған орталық Сыр өңірінің мәдени-рухани құндылықтарын сақтап, кейінгі ұрпаққа насихаттайтын маңызды нысанға айналды. Сонымен қатар, жергілікті тұрғындар мен жастардың рухани дамуына жол ашатын орталықта түрлі мәдени, тарихи, танымдық іс-шаралар ұйымдастырылады деп күтілуде.
2025 жылы Қызылорда қаласының Қазақстан Республикасының астанасы болғанына 100 жыл толып отыр. Осыған орай ұйымдастырылған «Тарихтың таңбасы, рухтың ордасы – Қызылордам» атты облыстық мәдениет және өнер байқауында Сырдария ауданының өнерпаздары бірінші орынды жеңіп алды. Бұл – аудан өнерпаздарының кәсіби шеберлігі мен рухани бай мұрасын жоғары деңгейде көрсете алғанының айғағы.
Сондай-ақ, биыл айтыс өнерінің саңлағы – Ұлбике Жанкелдіқызының 200 жылдығына орай Сырдария ауданында республикалық ақындар айтысы өткізілді. Бұл шара – ұлттық өнерді дәріптеп, жас ақындарға шабыт берген маңызды мәдени оқиға болды.
Ауданның өнер ұжымдары тек ел көлемінде ғана емес, халықаралық деңгейде де танылып жүр. «Балауса» халықтық би ансамблі Алматы қаласында өткен халықаралық өнер конкурсында Бас жүлдені жеңіп алып, Баку қаласында өтетін келесі халықаралық байқауға жолдама алды.
Сырдария ауданындағы мәдениет үйлері мен клубтарда, сондай-ақ «Адал адам» мәдени-тәрбие орталықтарында бүгінде 150 үйірме жұмыс істейді. Бұл үйірмелерге 2000-ға жуық өнерпаз тұрақты түрде қатысып, өз өнерлерін шыңдап келеді. Аталған үйірмелер – жас таланттардың дамуына, өнер мен тәрбиенің ұштасуына үлкен мүмкіндік беріп отыр.
Жалпы, аудан өнерпаздары есепті кезең ішінде 69 байқауға (оның ішінде 10 халықаралық, 9 республикалық, 26 облыстық және 24 аудандық) қатысып, 109 жүлделі орындарды иеленді. Оның ішінде 28 бас жүлде, 27 бірінші орын, және 54 екінші және үшінші орындар бар. Бұл – аудан мәдениетінің жүйелі дамуы мен шығармашылық ұжымдардың үздіксіз ізденісінің жемісі.
Сырдария ауданы – ежелден өнер мен руханияттың ошағы болған қасиетті мекен. Бүгінде бұл үрдіс жаңа мазмұн, тың серпінмен жалғасып, аймақтың мәдени әлеуеті арта түсуде. Аймақ басшылығының қолдауы мен мәдениет қызметкерлерінің еңбегі нәтижесінде Сырдария мәдениеті жаңа белеске көтеріліп, ұлт руханиятына үлес қосып отыр.