ЖАЛАҒАШ АУДАНЫНЫҢ АУЫЛДЫҚ ОКРУГТЕРІНДЕ АУДАН ӘКІМІНІҢ ХАЛЫҚПЕН КЕЗДЕСУЛЕРІ ӨТУДЕ

2 509

Қазақстан Республикасы Президентінің «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес, 2026 жылдың І жартыжылдығы қорытындысымен аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың халықпен кездесулері Аққыр, Жаңаталап, Мақпалкөл, Мәдениет және Мырзабай ахун ауылдық округтерінде жалғасты.

Кездесу барысында аудан әкімі ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталып, биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында атқарылған жұмыстар мен алдағы кезеңге жоспарланған жобалар туралы баяндады. Сондай-ақ, ауыл тұрғындарының ұсыныс-пікірлері тыңдалып, елді мекендерді дамытуға бағытталған бастамалар мен алдағы жұмыстар жан-жақты талқыланды. Аққыр ауылында биыл 3 көшеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, толық аяқталды. Жаңаталап ауылдық округінде көркейту-көгалдандыру жұмыстарын жүргізу үшін каналдар қазылды. Елді мекенді аяқ сумен қамтамасыз ету мақсатында 3 техникалық су ұңғымасы бұрғыланды. Мақпалкөл ауылдық округінде көркейту-көгалдандыру, ауыл тұрғындарын кәсіпкерлікке баулу, мемлекеттік гранттар беру және ауылды абаттандыру бағытында жұмыстар жүргізілді. 

Алдағы уақытта ішкі көшелерді жөндеу бойынша жобалық-сметалық құжаттамаларды іске асыру жоспарлануда. Мәдениет ауылдық округінде көше жарықтандыру жұмыстары атқарылды. Сонымен қатар, Жаңақоныс көшесін күрделі жөндеуге бюджеттік өтінім жолданып, жоба қазіргі таңда қаржыландыру сатысында тұр.  Мырзабай ахун ауылдық округінде «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында көше жарықтары орнатылып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ішкі көшелерге бейнебақылау камералары қойылды. Сонымен қатар, аталған ауылдық округтерде электр желілерін жаңарту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Кездесулер соңында тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер назарға алынып, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берілді.  Жалағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі