Қызылордада «Qurtella» құрттары шығады

2 513

Қызылорда қаласында құрттың ерекше түрі шығады. «Qurtella» атауымен танымал болған бұл өнімнің 6 түрі бар, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Түрлі дәмнен жасалатын өзгеше өнім – елімізде қайталанбаған кәсіп түрі. Бұл бизнесте 13 жасынан бері жүрген кәсіпкер алдағы уақытта жаңа атаумен басқа да тауар өндіруді жоспарлап отыр. Нұрсұлтан Қалмағамбеттің айтуынша, «Qurtella» басқа қалаларда да танылып үлгерген.


"Жалпы, кәсіп саласында 13 жасымнан бері жүрмін. Ең алғашында балмұздақ сатып, кейіннен сөйлейтін ойыншық түрлерін де осы қалаға алып келгендердің алғашқысы мен болдым. Осы «Qurtella» құрттарын шығарғаныма әзірге 1 жыл бола қойған жоқ. Өткен жылдың қараша айында алғашқы өнімді шығарып, сатылымға қойдық. Ал осы идеяның басталғанына жылдан асып кетті. Құрт сатудың берекелі кәсіп түрі екенін біліп, көңілім осы салаға ауды. Мақсатым құртты қазаққа насихаттау болды. Бірақ, ойымда оны өзгеше етіп жасау болғандықтан, идеямды жетілдіріп жүрдім. Ешкім сенбейтін шығар, мен бұл кәсіпті 15 000 теңгемен бастағанмын. Осылай-осылай жайлап табысқа жетіп жатырмыз", – деді Н.Қалмағамбет.


Нұрсұлтанның өнімі шаһардағы дүкен сөрелеріне жайғастырылған. Кәсіпкер құрттарды ерекше қаптамаға салып, өзге қалаларға да жіберіп жатыр. Тіпті, бұл тойбастар ретінде қонақтарға ұсынылып, жұртшылықтың таңдауына ие болып келеді. Атап айтсақ, Маңғыстау, Шымкент, Алматы, Өскемен қалаларының тұрғындары осы құрттың тұрақты сатып алушысына айналған. Кәсіпкердің айтуынша, өкінішке қарай, өз өңірімізде дәл мұндай сұраныс жоқ. Бренд трендке айналады, ал трендтің танылып, таралуына уақыт кетеді. Нұрсұлтан алдағы уақытта тек аймақты ғана емес, өзге қалаларды да түгелдей дерлік құртпен қамтамасыз еткісі келеді.


"Өзбекстан Қазақстан үшін жылына 50 млн тонна құрт өндіреді. Бұл деген масқара ғой. Өзім ұлтшыл адаммын. «Басқа істейді, қазақтар істей алмай ма сонда?» деймін. Еріншекпіз дейін десем, еріншек те емеспіз, қолымыздан бәрі келеді. Аз-аздан деп жүре береміз-ау, бірақ үлкен өндіріске араласып, еліміздің ішкі нарығын өзіміз қамтамасыз ететін уақыт келді ғой. Ал ол үшін мемлекеттен қолдау керек. Алдағы уақытта сол мемлекет тарапынан жасалатын гранттық қолдауларға өтінім беріп көру ойда бар. Қалғанын уақытысында көрерміз", – деді ол.


Қазірде «Qurtella»-ның жеке дүкені, цехы бар. Жалпы алғанда 5 адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкер күніне 500 қамтама құрт өндіріп, айына кемі 3000 қаптамадағы құрт сатылатынын айтты. Тіпті, бағасы да қолжетімді. Ішінде 11 дана құрты бар қаптама 390 теңге, ал вакумдегі шағын түрі 190 теңгені құрайды екен. Бұны болашағы бар бизнестің алғашқы баспалдағы деуге болады.  Себебі, жеке әлеуметтік желілерді де ашып, онда жаңа бренд қалыптастырып үлгерген жастар құрт сатудың жаңаша құпиясын мықтап меңгеріп келеді. Кәсіпкер құртпен бірге женттің де түр-түрін жасап, сатып жүр. Ол арнайы тапсырыспен дайындалады екен. Құрттардың сақталу мерзімі 3-4 айды құраса, жент оған қарағанда жарамдылық мерзімі төмен. «Бірақ, ендігі жерде женттің құрамын өзгертіп, оны да ұзақ уақыт бойы сақталуға қауқарлы етіп жасаймыз» дейді кәсіпкер.


Тағы бір айта кететін дүние – құрттар салынған қаптама сыртында «Қазақстанда жасалған» белгішесі қойылған. Елімізде өндірілетін өнімнің тұтынушысы болу арқылы қолдау көрсету – баршамыздың азаматтық міндетіміз. Кәсіп иесінен «осындай жетістікке жетіп, кедергілерден қорықпай өту үшін жастарға қандай кеңес, мотивация бересіз?» деген кезде, өзі де мотивация қажет етіп жүргенін айтып күлдірді. Бірақ, атақты американдық кинодағы «чтобы победить, нужна настойчивость и дисциплина» деген сөз күш беріп, мақсатының нықталуына септігін тигізгенін айтты. Расында, жеңіске жету үшін табандылық және тәртіп қажет.


Нұрсұлтанның ендігі мақсаты – нағыз таза, қоспасыз құрт өндіріп, тапшылықты жою. Балмұздақ бизнесін де жаңаша бағытта дамытқысы келеді. Кәсіпке ынтасы бар, ұлтжанды, қарапайым кәсіпкерлердің артып келе жатқанына қуанып, бір серпілдік. Ұлттық өнімді насихаттау дейтін дүниені жолға қою керек-ақ. Бұл орындалса, өз байлығымызды өзіміз пайдаланушы едік.  Көз көріп жүрген дүниелерге үміт зор, бірақ қаражат қысып, тықыр таянбаса болды. Ол үшін мемлекет те қолдау білдіреді деген үміттеміз.


Құрт — сүт өнімдерінен дайындалатын тағам.


Құртты дайындаудың бiрнеше түрi бар.

Әдетте сүзбенi кiшiгiрiм бөлiктерге бөледi де, қысады. Онан соң оларды тақтаға жайып, кептiредi. Кептiру барысында бiрнеше рет аударады. Мұндай құрт сүзбе құрт деп аталады.

Айранды бiрнеше күн бойы ағаш ыдысқа жинайды. Онан соң барлық айранды қазанға құяды да, қою масса пайда болғанға дейiн қайнатады. Массаны салқындатады, кiшiгiрiм бөлiктерге бөледi. Мұндай қайнатылған құртты жоғары пайдалы өнiм, оны ұзақ сақтауға болады.

Құрт. Сабада жиналып пісілген іркітті майы алынғаннан кейін түбіне май жаққан үлкен қазанға құйып қайната береді. Құрт қайнап жатқан кезде оның түбі күйіп кетпес үшін арнаулы құрт былғауышпен (басында кырғыш темірі болады) әлсін-әлсін қазанның түбін, ернеуін қырып араластырып отырады. Әбден қойылған құртты қапқа құйып керегеге асып қояды, сонда оның қалған суы тағы да ағып, құрғайды. Бұдан кейін қолмен бөлшектеп, тақшаға, шиге, колмен сықпалап өреге жайып кептіреді. Көгермей, қызбай біртегіс кебу үшін өреде жатқан кезде оны бірнеше рет аударыстырады. Осындан әдіспен қайнатып, кептіріп алған құрт жыл бойына, кейде 2—3 жылға дейін сақтала береді. Құрт күшті ас, ол әртүрлі тамаққа қосылады. Құрттан істелетін немесе құрт қосылатын тағамдардың кейбір түрлерін айта кету қажет.


Құрттың әртүрлері болады.Олар:

Жас құрт. Сүзбеде тұрған құртты сары маймен жентектеп бастырма ретінде шаймен бірге дастарқанға қояды. Әсіресе кепкен құртқа, бауырсаққа тісі өтпейтін қарттар үшін өте кенеулі ас саналады. Ертеректе жас құртты мипалауға, құйрық-бауырға қосқан. Құрттың сарысуын сүт қосып қайнатып, ірімшік жасайды, ауырған малға ішкізеді, әйелдер бас жуады, сондай-ақ одан тері илеу үшін малма жасайды.


Көбік. Қайнап жатқан құрттың қалқып алған беті. Майлы, кенеулі ас ретінде жас балаларға, қарттарға қалқып беру салт болған. Бұрын құрт қайнатқан үйден көбік жалаймыз деп, ауыл балалары келіп жиналатын әдет те болған.


Ыстық құрт. Қайнап жатқан құртты алып, май қосып сапырып ішетін кенеулі ас. Өкпе ауруына, суық тиіп ауырған сырқаттарға ем саналған.


Сықпа құрт. Мұның қайнатқан құрттан айырмашылығы сол ашыған айран қапқа құйып сүзіледі де тұздалып, әртүрлі үлгімен бөлшектеліп тақшаға кептіріледі. Сықпа құрт та бастырма ретінде пайдаланылған. Мұндай құрт жайған әйел ауыл балаларына арнап дөңгелек жасап, жіпке тізіп мойындарына іліп қуанту салты болған.


Малта. Езілген құрттың таусыншақ түйіршіктері, ол әрі жұмсақ, әрі сүйкімді ас саналады. Ұзақ сапарларда ауызға салып суын жұтқан кезде әрі сусын, әрі қорек болған.


Езген құрт. Сорпаға, тұздыққа, көжеге және басқа тағамдарға қосу немесе сұйық күйінде ішу үшін кепкен құрт астауға салып ұнталады, келіге түйіледі немесе қол тиірменге тартылады.Езген құрт — ұлттық тамақтардың ең бір сүйкімдісі және кенеулісі.


Ақ малта. Езген құрттың ең соңғы шайындысы. Ол өте жұғымды және тез сіңетін тағам болып саналады, оны сол сұйық түрінде ішеді.


Ұнтақ құрт. Арнайы түйіп ұсатқан немесе қап түбінен жинап алған үгінді. Оны сүттің піскен қаймағына былғап жейді.


Құрт- май. Сары майға батырып табақ жасайтын кепкен сықпа жалпақ құрт. Оны асығыс кезде дәм таттыру үшін немесе жеңіл-желпі түстік ретінде дастарқанға қояды. Кейде құрт, ірімшік, май тағамдарының қосындылары да құрт-май деп аталады.


Құрт-көже. Сорпаға, көжеге құрт езіп ішу қазақ арсында көп тараған және ол кенеулі, күшті, қадірлі ас.


Ақ құрт. Іркітті қазанда қайнатып, суыған соң қапқа салып сорғытады. Қаптағы құрттың сары суы кетіп дегдіген соң қолменн бөлшектеп, түрлі формаға келтіріп өреге жаяды. Бұл құрттың ақ болатын себебі тұзын анағұрлым көбірек қосады.


Қара құрт. Ашуы жеткен іркітке аздап сары май қосып қайнатады. Тұзын аздап қана қосады. Түйе сүтінен жасалатын құрттың да қара болатынына куә болдық. Түйе сүтінен жасалатын құрттың да жасалу технологиясы сиыр сүтінен жасалатын құртпен бірдей. Айырмашылығы ненің сүтінен жасалатындығында.


Ежігей немесе ежегей құрт.Ежігей немесе ежегей құрт құрттардың ішіндегі ең бір ерекшесі, әрі дәмдісі. Ежегей құрт көлемі жағынан да кіші, бармақтай болып келеді. Кепкен кезде ежігей де құрттың жасалу жолымен әзірленеді. Бірақ ол өте ашымаған іркіттен жасалады. Әзірлеу кезінде бір шелек іркітке екі шелек қаймағы алынбаған сүт қосып қайнатылып дайындалады. Әбден қайнап суы сарқылып піскен ежегей суы сорғытылып сәл кебір тартқаннан кейін алақанға салып сығып өреге қатарлап жәйіп кептіріп алады. Ежігей кепкен кезде де ашы құрт сяқты тас болып қатып қалмайды, үгітіліп тұрады. Әбден кептірген ежегей жазда да, қыста да дәмді де, түсі де өзгермейді.