Қызылордада ДДҰ-ның Арал теңізі мәселелері жөніндегі өңірлік кеңсесі ашылады

1 429

Фото: Денсаулық сақтау министрлігіҚызылорда облысында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) Арал теңізі мәселелері жөніндегі өңірлік кеңсесінің ашылуы жоспарлануда, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Бұл шешім Қазақстан, Өзбекстан және Қарақалпақстан басшыларының, сондай-ақ ДДҰ және БҰҰ өкілдерінің қатысуымен өткен халықаралық кеңестің қорытындысы ретінде қабылданды. Кездесуде өңірде орын алған экологиялық өзгерістердің көлемі, олардың адам денсаулығына, климаттық жағдайларға және биоәртүрлілікке тигізетін әсері жан-жақты талқыланды.

Кеңес қорытындысында бірқатар маңызды шешімдер қабылданды, олардың ішінде:

  • Қызылорда қаласында ДДҰ-ның Арал теңізі мәселелері жөніндегі өңірлік офисін ашу;
  • Мемлекетаралық деңгейде іс-қимылдардың үйлестірілген жол картасын әзірлеп, бекіту;
  • 2026 жылы ДДҰ-ның сәуір айында өтетін саммитінде Арал теңізі бойынша арнайы Қарар қабылдау.

Арал теңізі проблемасы ХХ ғасырдың ең ірі экологиялық дағдарыстарының бірі ретінде әлемдік деңгейде мойындалған. Оның салдарынан Арал маңы тұрғындары ұзақ жылдар бойы шөлейттену, топырақ деградациясы, улы шаңның таралуы және осының салдарынан халықтың денсаулығына әсер ететін күрделі мәселелерге душар болды.

Алайда соңғы жылдары жағдайды тұрақтандыру және апаттың теріс әсерін азайту бағытында маңызды жұмыстар жүргізілуде. Бірлескен күш-жігер арқасында теңіздің солтүстік бөлігінің кебу үрдісі тоқтатылып, кеуіп қалған аудандарда ауқымды көгалдандыру жұмыстары басталды. Сонымен қатар экологиялық апаттың зиянды әсерін жеңілдету үшін түрлі жобалар іске асырылуда.

Мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдардың үйлесімді жұмысының нәтижесінде оң динамика байқалып отыр. Осы бағыттағы жұмысқа мемлекет басшысының тұрақты қолдауы және өңір әкімінің белсенді қатысуы арқасында, ондаған жылдар бойы жиналған экологиялық проблемалардың шешімі табылатынына сенім артуға негіз бар.

Бұл кеңсе өңір тұрғындарының денсаулығын қорғау және экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында аймақаралық ынтымақтастық пен халықаралық тәжірибе алмасуды күшейтетін стратегиялық маңызды құрылым болады деп күтілуде. Сонымен бірге, ол Арал теңізі аймағындағы тұрақты даму мен экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шаралардың жүзеге асырылуына серпін береді.