Қызылордалықтар Мемлекет басшысына өңірге көрсеткен қолдауы үшін алғыс айтты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қызылорда облысына жасаған жұмыс сапары өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың қарқын берген маңызды оқиға болды. Президент аймақта атқарылып жатқан стратегиялық жобалармен, өндірістік және әлеуметтік нысандармен танысып, Сыр өңірінің даму бағытына жоғары баға берді, - деп хабарлайды “Opennews.kz” ақпарат агенттігі.
Президент реформаларының нәтижесі Сыр өңірінде айқын сезілуде
Қызылорда жұртшылығы Мемлекет басшысының ел бірлігі мен тұрақтылығын сақтауға, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған саясаттарын үнемі қолдап келеді. Соңғы жылдары өңірдегі инфрақұрылымдық жобалардың қарқынды жүзеге асуы, өндірістік әлеуеттің артуы және әлеуметтік саланың жаңғыруы – жүргізіліп отырған реформалардың нақты нәтижесі.
Мемлекет басшысы өңір тұрғындарымен кездесуде қазіргі геосаяси ахуал, су тапшылығы, жастар тәрбиесі, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллекттің жаңа мүмкіндіктері туралы маңызды пайымдарын ортаға салды. Бұл ойлар Сыр жұртшылығына үлкен серпіліс беріп, ел дамуының жаңа кезеңіне бағытталған маңызды бағдар ретінде қабылданды.
Қызылордада тәулік бойы жұмыс істейтін Президенттік кітапхана бой көтермек
Президенттің сапары барысында жарияланған ең жағымды жаңалықтардың бірі – Астана мен Алматы қалаларындағы үлгіде тәулік бойы қызмет көрсететін үшінші Президенттік кітапхананы Қызылордада салу туралы бастамасы болды. Бұл шешім жастардың білімге қолжетімділігін арттырып, аймақтың ғылыми, зияткерлік әлеуетінің көтерілуіне зор ықпал етеді.
Қоғам өкілдері бұл бастаманы қуана қабылдап, оны өңірдің мәдени дамуындағы үлкен жетістік ретінде бағалады.
Президенттің оң бағасы – Сыр еліне көрсетілген сенім
Өңірге жасаған сапарының қорытындысында Мемлекет басшысы Қызылорданың даму қарқынын ерекше атап өтті:
«Облыс жалпы жақсы дамып келе жатыр. Қарқыны жоғары», – деген Президенттің жылы лебізі Сыр жұртшылығының рухын көтеріп, аймақтағы бірлік пен ынтымақтың нәтижесін айқындады.
Сыр халқы Президентке ризашылық білдірді
Сапардан кейін Қызылорда облысының тұрғындары Мемлекет басшысының өңірге жасаған қамқорлығы мен қолдауына ризашылық білдіріп, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың атына алғыс хатын жолдады. Хатта:
Әділетті, Қуатты, Таза Қазақстанды құру жолындағы барлық бастамаларыңызды қолдаймыз!
Тәуелсіз еліміздің дамуына бағытталған тарихи миссияңызға мол жетістік, мықты денсаулық және сарқылмас жігер тілейміз!», – делінген.
Алғыс білдірушілер қатарында “Қазақстанның Еңбек Ерлері”, өңірдің беделді ардагерлері, әйелдер кеңесі, қоғамдық кеңес пен зиялы қауым өкілдері, азаматтық қоғам мүшелері және белсенді жастар бар.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қызылорда облысына сапары өңірдің дамуындағы маңызды кезең болды. Сапар барысында жарияланған бастамалар мен берілген бағалар аймақтың алдағы жылдардағы қарқынды дамуына негіз болатындығы сөзсіз. Сыр жұртшылығы Президенттің ел болашағына бағытталған саясатын қолдай отырып, өңірдің өркендеуі жолында өз үлесін қоса бермек.







